НҰРБАҚЫТ ТЕҢІЗБАЕВ ПРЕЗИДЕНТТІҢ БИЫЛҒЫ ЖОЛДАУЫНА ҮН ҚОСТЫ

Уақыты: 09.09.2021
Оқылды: 1378
Бөлім: КҮНДЕРЕК

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауын дәл қазір жүзеге асыруымыз тиіс нақты міндеттердің жиынтығы десек те болады. Жолдау жүктеген міндеттер алдағы уақыттың еншісіндегі іс емес, дәл қазіргі уақыттың іс-қимылы. Осы орайда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұжымы Мемлекет басшысының Жолдауын басшылыққа алып, бірден негізгі міндеттерді іске асыруға көшті.

Жолдауда айтылған басты қағидаттардың бірі – денсаулық саласы. Бұл ретте Президент: «Денсаулық кілті – дене шынықтыру. Қайталап айтамын: бұқаралық спортқа, балалар спортына барлық жағдайды жасау қажет. Облыс әкімдері спорт инфрақұрылымының кезең-кезеңімен құрылуын қамтамасыз етуі қажет», – деді. Сонымен қатар, Токио Олимпиадасының нәтижесіне байланысты спорттағы жағдайды бөлек отырыста қарастыру керек екенін атап өтті.

Жолдауда айтылған міндеттер мен сын-ескертпелерге байланысты облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы ұжымында шұғыл жиын өткізілді. Мұнда жалпы Жолдаудың мақсаты талқыланып, айтылған тапсырмаларды сараптай отырып, жұмыс жоспары құрылды.

Нақты тоқтала кетсем, бұқаралық спортты дамытуға байланысты биылғы жылдың тамыз айында облыста бұқаралық спортты дамытуға арнайы жеке мекеме құрылды. Дәл қазіргі уақытта жұмыс жоспары мен кестесі бекітіліп, бұқарамен тығыз байланыс орнатуға және балалар мен ауыл спортын дамыту бойынша жұмыстар қолға алынды.

Мекеменің негізгі міндеті – бұқараны спортқа тарту. Мұнда ең бірінші ауылдық жерлерді спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуіміз керек. Одан кейін ауылдық округтердегі спорт нұсқаушысының жұмысын оңтайландыру. Дәл қазіргі уақытта облыстағы елді мекендердің спорттық нысан яғни ауыл тұрғындары, жастардың спортқа келуіне, олардың жаттығуына қанша және қандай құрал-жабдықтар алыну керектігі жайлы есеп жұмыстары дайындалып жатыр.

Міне, осы міндеттер жыл соңына дейін анықталып, алдағы уақытта оларды қамтамасыз етуге бар күшімізді саламыз. Онда арнайы ойын алаңдары мен арнайы мамандарды да қарастырамыз. Бұдан кейін ауылдық округтердегі спорт нұсқаушысы мамандарының жұмысын Жолдауда айтылған бұқаралық спорт пен балалар спортына қарай бұру керектігі көзделген. Бұл мамандарға арнайы жұмыс жоспары бекітіліп, олар сол тапсырылған тапсырма бойынша жұмыс атқарады және жыл соңына спорт нұсқаушылардың жұмыстары сараланып, арнайы көрсеткіш бойынша бағаланатын болады. Жаңа құрылған мекеме Жолдауда айтылған бұқаралық спортты дамыту бойынша үлкен істі қолға алды.

Спорттық инфрақұрылым бойынша облыста ауқымды іс атқарылды. Бүгінгі таңда аудандарда 13 дене шынықтыру сауықтыру кешені бой көтерді. Алдағы уақытта 4 дене шынықтыру сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Талдықорған қаласында  Орта Азияда теңдесі жоқ қалалық орталық жүзу бассейні пайдалануға берілді.

Бұл – Жетісу халқы үшін үлкен жаңалық. Мемлекет басшысының тапсырған міндеттерінің іске асуы деп айтар едім.  Спорт инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жүзеге асыру мұнымен тоқтап қалмайды. Барлық ауданға сауықтыру кешендері салынып біткеннен кейін ауылдық округтерді кіші спорттық нысандармен қамтамасыз ету жоспарда бар. Бүгінгі таңда арнайы жобалар әзірленіп, оның іске асу жұмыстары жүріп жатыр. Балалар спортына байланысты да ауқымды жұмыстарды айта кеткен ләзім. Облыста Талдықорған қаласы мен Лепсі ауылында дарынды балаларға арналған арнайы мамандандырылған спорт мектеп-интернат-колледжі жұмыс істейді. Биыл бюджеттен қаражат бөлініп, Талдықорған қаласындағы мектеп-интернат күрделі жөндеуден өтті. Болашақ чемпиондарға жақсы жағдай туғызу үшін олардың материалдық базасын нығайттық.

Жаңа оқу жылына дарынды деген балаларды қабылдап, спортпен шұғылдануына бапкерлер бар күш-жігерін арнауда. Осы күнге дейінгі көрсеткіштері өте жоғары. Республикалық, әлемдік ареналарда өнер көрсетіп, жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүр. Жуырда ғана қыздар арасында «Жетісу-2» волейбол командасы Орта Азия чемпионатының кубогын қанжығасына байлады. Бұл жас және жергілікті спортшылардың жетістігі деп білемін. Жыл басынан бері Алматы облысының спортшылары облыстық, республикалық, халықаралық жарыста 2085 медаль жеңіп алды. Бұдан басқа спортшыларға 150 мыңнан 300 мың арасында ай сайынғы қаржылай сыйақы тағайындалған. Сондай-ақ, Токиода өткен Олимпиада ойындарынан ауыр атлетші Игорь Сон мен Зульфия Чиншанло қола жүлдемен оралды. Спортшылардың мұндай жетістікке қол жеткізуі облыста спортқа істеліп жатқан қамқорлықтың арқасы.

Қасым-Жомарт Кемелұлының Токио Олимпиадасының нәтижесіне ерекше көңіл бөлуі текке емес. Үлкен спорттағы төменгі көрсеткіш барлық қазақстандық жанкүйерлерге ауыр тигені рас. Бұл спортта жаңа реформаны талап етеді. Арнайы методика дайындалып, спорттық институт құруды қолға алу керек деп есептеймін. Бұл бір ғана спортшы мен жаттықтырушының қателігі емес, комплекстік қателік деп айтуға болады. Дәл қазіргі уақытта жергілікті спорт басқармаларынан бастап министрлікке дейін сараптамалық зерттеу жұмыстары жүргізіліп, алдағы уақытта олқылықтың орнын толтыру үшін жұмыстар әзірленуде.

Жалпы, Жолдауда көрсетілген нақты міндеттер – бізге артылған зор жауапкершілік. Сол жауапкершілікті жете сезіну спорт мамандарына ғана емес, ел ертеңіне алаңдайтын әрбір азаматтың борышы деп білемін. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы Жолдаудың орындалуын қадағалап, нақты іс-қимыл нәтижесіне жұмыс істеуді ары қарай жалғастырады.

Нұрбақыт ТЕҢІЗБАЕВ,

Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы