ТЫҒЫЛЫП ТОЙ ЖАСАЙТЫНДАРҒА МИЛЛИОНДАП АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ

Уақыты: 12.09.2021
Оқылды: 951
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Халықтың санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шаралардың сақталуын бақылау мақсатында Алматы облысы бойынша жергілікті атқарушы органдардың жанынан 268 мониторингтік топ құрылғаны белгілі. Олар жыл басынан бері 28 463 рейд жүргізді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Рейд барысында 152 288 нысан қамтылып, 1369 карантин режимін бұзу фактісі анықталды. Нәтижесінде, 735 нысанға 89 миллион теңгеге айыппұл салынды. Оның 233-і жаппай отбасылық және ұжымдық іс-шараларды, яғни, той, ұзату, құдалық және туған күндер өткізу бойынша қоғамдық тамақтану нысандарында анықталды. Карантин мен бетперде режимін сақтамағаны үшін жеке тұлғаларға 592 хаттама толтырылған.

Алматы облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылдау департаментінің мәліметінше, 2020 жылдың қараша айының басынан бүгінге дейін Еңбекшіқазақ (13), Ескелді (1), Жамбыл (2), Талғар (4) аудандары мен Қапшағай (1), Талдықорған (6), Текелі (1) қалаларында, 28 шағын кәсіпкерлік нысанында құқықбұзушылық фактілері анықталған. 18 нысан бойынша аумақтық прокуратура органдарына хат жолданды, 16 нысанға жоспардан тыс тексеру жүргізілді, салдарынан жеке тұлғаларға 57.992.60 теңге сомасында 12 хаттама толтырылды. Айта кетейік, өңірде үйлестіру орталықтары жұмыс істейді. Жыл басынан бері орталыққа 156 шұғыл хабарлама келіп түскен. Тексеріс барысында карантин талаптарын бұзу дерегінің 90 жағдайы қоғамдық тамақтану нысандарында тіркелген.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"