ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫНДА МҰҒАЛІМДЕРГЕ ЕҢ АУЫР ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЛДІ

Уақыты: 16.09.2021
Оқылды: 1237
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ұстаз болу – тарихтағы ең ұлы іс. Өскелеңді біліммен қатар тәрбие тұғырына тұрақтандыру – менің болашақ бағытым. Әсіресе, бодандық құрсауынан шығып, егемен ел болып еңсесін тіктеген тұста мемлекеттік тілді өз биігіне тұрақтандыру да қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдеріне артылған ауыр міндет деп түсінемін. Осынау жауапкершілікті сезіне отырып, ұлы жолға мен де қадам бастым. Күні кешегі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының "Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі" дәстүрлі Жолдауы қадамыма қанат, сеніміме серпін сыйлады.

Жолдаудың үшінші бөлімі толықтай білім саласын жан-жақты қолдауға бағытталған. Ақиқаты сол, ұстаз бейнесі қай тарихты зерделесең де биік. Абай айтқан «Адамның адамшылығы...», әл-Фараби суреттеген биік бейне, Алтынсарин ардақтаған «мектептің жүрегі»  бола білу – педагогтың пәрменінде. Әсіресе, білім бәсекесі, ақпараттар айқасы сапырылысқан бүгінгі қоғамда Президент Жолдауында келтірген заман талабына сай сапалы, саналы ұрпақ тәрбиелеу – міндет.

Міндетті межелеуде мемлекет тасада қалып отырған жоқ. Құлаудың аз-ақ алдында қалған педагог мәртебесін арттырды, еңбегіне қарай өнбегі болар жалақыларын еселеді. Бұл турасында Жолдауда: «Биылғы қаңтар айынан бастап педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға көбейді. Алдағы үш жылда осы мақсатқа тағы 1,2 триллион теңге жұмсаймыз. Қабылданған шаралар жемісін беріп жатыр. Педагогикалық мамандықты қалап, оқуға түскендердің орташа балы күрт өсті. Біз ұстаздарды қолдау саясатын жалғастыра береміз», – деді Президент.

Мемлекет басшысы індет алқымдаған тұстағы білім саласындағы түйткілді мәселені де биік мінберден жеткізді.«Пандемия кезінде қашықтан оқытудың нәтижесі ұлттық телекоммуникация желілерінің тиімділігі төмен екенін көрсетті. Мұндай ахуал негізгі, қарапайым білімнің өзін меңгере алмаған оқушылардың саны артуына әкеп соқты. Тағы бір проблема, нағыз қиындық осы деуге болады, балалар оқуын тастап кетіп жатыр. Өйткені, білім алуды қажет деп санамайтын болды. Үкіметке бұл мәселемен, атап айтқанда қашықтан білім беруге қажетті ақпараттық жүйенің сапасын жақсартумен мықтап айналысуды тапсырамын", – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Әрине, апат секілді ауру да айтып келмейді. Әлемді әбігерге салған кеселдің күн санап құбылуын да біліп, байқап жүрміз. Демек, сақтық пен талапты күшейтіп қана қоймай, көрінбейтін «жаумен» күресте қаруымызды сайлау да маңызды.

Әсілінде, кемел ұстаздың келбетін әркім әрқалай «әрлейді». Ал осы салаға жаңа қадам басқан мен үшін кемел ұстаз – білім жолында ізденуден іркілмейтін әрі әр шәкіртіне асқан сүйіспеншілікпен қарайтын маман. Бұл тұрғыда мен үшін педагогтарды үш жылда бір қайта даярлаудан өткізуіміз керек деген Президент тапсырмасы тамаша бастама болды. Себебі, дүние дидары жыл емес, күн санап өзгеруде. Оған сай қарекет қылу – уақыт талабы. Бұл турасында Қасым-Жомарт Кемел­ұлы: «Олар шәкіртінің бойына жаңа білім сіңіре алатындай нағыз ағартушы болуға тиіс», – деді.

Әртүрлі халықаралық пәндік олимпиадалардан жүлделі оралған жас буынға грант тағайындау мәселесі де көптің көкейінде жүрген-тін. Биылғы Жолдаудағы педагогтарды қолдау  – бізге деген жауапкершілік жүгінің еселенгенін байқатты. Осы ретте айтарым:
«Жай мұғалім хабарлайды,
Жақсы мұғалім түсіндіреді,
Керемет мұғалім көрсетеді,
Ұлы мұғалім шабыттандырады»
, – деп ағылшын ағартушысы Уильям Уорд сипаттағандай, ұлы ұстаздар көбейсін!

Алмагүл НҰҒМАН,

№1 Рахат орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан