НҮСІПБАЙ ӘБДІРАХЫМ: "ТАЛДЫҚОРҒАН МЕНІҢ ӨМІРІМДІ ТҮБЕГЕЙЛІ ӨЗГЕРТТІ"

Уақыты: 17.09.2021
Оқылды: 1447
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Адамның өмірін түбегейлі өзгертіп жіберетін тағдыршешті сәттер болады емес пе? Байтақ Балқаш ауданынан Талдықорғанға қоныс аудару мен үшін нақ сондай сәтке айналды.

Ол кезде «Жетісу» газетінің Балқаш ауданындағы меншікті тілшісі қызметін атқаратынмын. Күрті ауданы таратылғаннан кейін Бақанасқа көшіп барып, кәдімгідей орнығып, жергілікті ел-жұртқа үйренісіп қалған кезім. Сондай кезде бас редакторымыз Жақыпжан Нұрғожаевтың «Үйіңді сатып, Талдықорғанға көш. Ендігі жерде тікелей газет редакциясында қызмет істейсің» деген пәрмені мен үшін күтпеген жағдай болды.

Бір жағынан үйренісіп қалған ауылды, бауырмал Балқаш жұртшылығын қимас сезімде болсам, екінші жағынан, жаңа жердегі жағдай қандай болады деген қорқынышқа ұқсас екіұдай сезім бойды биледі. Көкейде «Бұрын барып көрмеген Талдықорғанға көшпей-ақ үйреніскен Бақанаста қала берсем бе?» деген ой да қылаң береді. Сөйтіп толқып жүргенімді байқады ма, бір жол түскенде бас редакторымыз қолыма үш бөлмелі үйдің кілтін ұстатып, көшуім қажеттігін тағы да нықтады. Осылайша Талдықорғанға «Жетісу» газетінің үлкен көшінен бұрын аяқ тіредім.

Газеттің Талдықорғандағы тілшілер қосыны құшақ жая қарсы алды. Әли Ысқабай ағамыз басқаратын бұл қосында бұған дейін Талдықорған облыстық «Жерұйық» газетінде қызмет атқарған Жанат Дүкенбай, Нұрғали Омарқұлов, Кенжехан Рақыш, Болат Дәкер, Бидахмет Жаңабаев ағаларымыз, Хадиша Дүйсекенова әпкеміз бен Светлана Буратай, Хадиша Наурызбаева замандастарымыз жұмыс істейді екен. Облыс орталығына ертерек келіп алған «жетісулық» Нұржамал Әлішева мен бүгінде өмірден өтіп кеткен марқұм Шолпан Жұмаділова қарындастарымды да осы жерден жолықтырдым. Шағын ұжымда қалыптасқан шынайы сыйластық көңіл-күй, әріптестік, адамгершілік қарым-қатынас көңілдегі барлық күдікті бір-ақ сәтте сейілтіп жібергендей болды.

Бір-екі айдан кейін редакция ұжымы түгелдей көшіп келіп, «Жетісу» газеті жаңа облыс орталығындағы іргелі бір ұжымға айналды. Басылым журналистері өтпелі кезеңде айтарлықтай жүдеп қалған Талды қаланы қайта жаңғырту ісіне өз саласы бойынша бел шеше кірісіп кетті.

Жиырма жылдық уақыт биігінен тұжырымдайтын болсам, Талдықорғанға көшіп келу өмірімді түбегейлі өзгертті деуге болады. Аз уақытта қызмет сатысында тілшіліктен бөлім басшысы, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, бас редактор лауазымдарына жоғарыладым. Экономикалық-әлеуметтік жағынан ғана емес, мәдени-рухани жағынан да қайта жаңғырған қалада ақын ретінде танылып, алғашқы кітаптарым жарық көрді. Республикалық, облыстық деңгейлердегі мүшәйраларда жүлдегер атанып, Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке қабылдандым. Қайта жаңғырған жауһар қала менің тағдырымда осындай шешуші рөл атқарды деуге болады.

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,

Алматы облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары