АЛМАТЫДАҒЫ ҚАЗАҚ РАДИОСЫНЫҢ ҒИМАРАТЫНА ЕСКЕРТКІШ ТАҚТА ІЛІНДІ

Уақыты: 29.09.2021
Оқылды: 1322
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматыда Қазақ радиосының 100 жылдық мерейтойы аясында 1970 жылдан бері ұлт руханиятының үнжариясына құтты қоныс болып келе жатқан ғимаратқа қойылған тақтайшаның ашылу рәсімі өткізілді. Мерекелік шараға «Қазақ радиосы» мен «Шалқардың» ардагерлері, радио қызметкерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Шараны жүргізген «Қазақ радиосы» мен «Шалқардың» Алматы студиясының жетекшісі Бақыт Жағыпарұлы алдымен радионың құрылу тарихы жайлы мәлімет беріп өтті. Кешегі Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлы бастауында тұрған радио 1921 жылы 1 қазанда тұңғыш рет қазақ даласына хабар таратқан екен.

- Қыркүйек айының соңы мен қазанның басы қазақтың сөз өнері үшін үлкен бір мереке, шаттықтың бесігіндей тербеліп тұрады, – деді Бақыт Жағыпарұлы сөз басында. – Оған сан түрлі себеп бар. Қазақ баспасөзінің танымал тәлімгері Намазалы Омашев ағамыздың зерттеуі бойынша осы қазан айының 1-інде Орынбордан қазақ радиосы алғаш хабар таратса, 2011 жылы Елордаға қоныс аударған Қазақ радиосы тағы да сол күні Астанадан тұңғыш хабарын жүргізген болатын. Бұны тарихи сабақтастық деп айтсақ жарасады. Осыған орай биыл журналистер мерекесі қарсаңында 1 қазанды радио қызметкерлерінің күні деп атау жайлы ұсыныс жасаған едік. Біздің жазған хаттарымызға, жұртшылық өтінішіне құлақ түрген ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөзімізді қолдап, 13 тамызда Үкіметтің қаулысына орай 1 қазан – радио қызметкерлерінің күні болып бекітілді. Біз де, радио ардагерлері де осы күнді сағына күттік десек қателеспейміз. Неге десеңіздер, 2012-2016 жылдар аралығында Қазақ радиосы Астанаға көшкен тұста бұл ғимараттан екі мәрте қуылып кеткен жайымыз бар. Сол кездері екі жарым жылдай бұл ғимарат қаңырап қалғандай болған. Сіздердің бата-тілектеріңіздің, руханиятқа жаны ашитын азаматтардың қолдауы және Алматы қаласы әкімдігінің тікелей ықпалымен екі жыл бұрын осы ғимаратқа қайта көшіп келдік. Енді радионың 100 жылық мерейтойы аясында өскелең ұрпақ жадында сақтап, өткенін танып жүрсе деген ниетпен тарихи маңызы бар нысандардың қатарына енгізу үшін Алматы қаласы әкіміне тағы да үшбу хат жолдадық. Ондағы мақсатымыз, радионың таңбасы белгіленген «Радио үйі» деген бірауыз сөз жазылған тақта орнатылса деген едік. Бүгін осы арманымыз да орындалып отыр. Осындай игілікті істердің басында болып, ұсыныс-тілектерімізге қолдау көрсеткен Алматы қаласының әкімдігіне, қалалық мәдениет басқармасына алғысымыз шексіз!

Алғашқы құттықтау сөз аталған шараның жүзеге асуына тікелей мұрындық болған әдебиет зерттеушісі, Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Мамай Ахетовке берілді.

- Өткен ғасырдың ортасында қазақ сөзі керек болмайтындай, экономикадан, саясаттан, жалпы мемлекеттік қатынас құралынан шеттетіліп, тұрмыстық деңгейдегі, той-томалақтың ғана тілі болған жағдай қалыптасқан еді. Сол тұста қазақтың ауызекі сөйлеу дәстүрінің барып паналаған жері – осы Қазақ радиосы болды, – деді Мамай Қаниұлы. – Бұл қазақтың сан ғасырлық сөйлеу дәстүрінің жалғасуына, сабақтасуына негіз болған шын мәніндегі қазақ руханиятының қара шаңырағы. Сондықтан бұл ғимараттың тарихи маңызы бар нысан екенін дәлелдеп, арнайы комисия отырысында қолдап, ресми түрде ерекше дәрежеге ие болып отыр. Ендеше бүгінгі мерекелеріңіз құтты және ұзағынан болсын!

Осыдан кейін Мамай Ахетов және қазақ журналистерінің бірнеше буынына ұстаздық еткен, Қазақ радиосының тарихын зерделей зерттеп жүрген филология ғылымдарының докторы Намазалы Омашев екеуі ескерткіш тақтаның пердесін түсірді.

Келесі болып сөз тізгінін алған Намазалы Омашұлы жиылған жұртшылықты әуелгі мәртебесіне ие болған «Радио үйі» ғимаратына ескерткіш тақтаның қойылуымен құттықтап, радионың тарихына қатысты тың деректерді көпшілік назарына ұсынды. Кеңестік кезеңде өз тарихын 1931 жылдан бастап жүрген руханият мекемесінің Ахмет Байтұрсынұлының Ленинге тікелей өтініш жасауымен 1921 жылы 1-ші қазанда Орынборда тұңғыш хабар таратқанын тағы бір атап өтті. Міне, сол радио бүгін өзінің бір ғасырлық мерейтойын тойлауда. Қазақтың ағартушылық, мәдени, тарихи, танымдық дүниесінде өзіндік орны бар Қазақ радиосы алдағы уақыттары да ұлт руханиятының өркендеуіне үлес қоса бермек.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның Алғыс хаты оқылғаннан кейін сөз алған екі мәрте Қазақ радиосын басқарған ардагер, қазақтың классик ақыны Жүрсін Ерман өзі еңбек еткен ұжымның өткені мен бүгініне шолу жасап, қуанышқа жиналған қауымды радионың бір ғасырлық ғұмырымен және ескерткіш тақтаның ашылуымен құттықтады. Сөзінің соңында Жүрсін ағамыз радиоға арнап жазған өлеңін жұртшылық назарына ұсынды.

Радио дегенде әуелі сазды үн, әуезді дауыс, ойлы сөз ойымызға оралатыны бар. Ал радионың жұмысында журналистерді айтпағанда радиооператордың, радиорежиссердің қызметі өлшеусіз. Сол режиссерлік мектептің басы-қасында болған, оның негізін қалаушы ағалардың алдын көрген, кезінде Қазақ радиосының көркемдік саласына жетекшілік жасап, бас режиссер болған ардагер Тілеуберді Досбаев қазақ радиосының тарихы терең болғанына тоқтала келіп, ғимараттың өзіне қатысты өкініш пен қуанышты өткенін айтып берген. Кешегі күні бос қалып, қаңырап тұрған кезеңін айтпағанда, Желтоқсанда қазақ жастарының қанға боялғанын осы терезелерден көргенін, 91-дің желтоқсанында тәуелсіздігімізді жария еткен тұста халықтың қуанышын да осы жерде бөліскенін жүрегі өрекпи жеткізді.

Жиын барысында осы ескерткіш тақтаның қойылуына демеушілік жасаған кәсіпкер Тасболат Қырғызбайұлына қошамет көрсетіліп, сәйгүліктер бейнеленген сурет сыйға тартылды.

Салтанатты жиынның соңында танымал айтыс ақыны Талант Арғынғали мерекелік арнау айтқаннан кейін жиналған көпшілік Желтоқсан көшесінің бойындағы «Қазақ радиосы» аялдамасына барып, тәулігіне 24 сағат хабар тарататын радио қондырғысының ашылу рәсімін тамашалады.

Осыдан кейін мерейтойға жиналған қауым Бақытжамал Оспанова басқаратын Ұлттық кітапханаға барып, радионың өткенінен сыр шертетін тарихи жәдігерлермен, түрлі газет-журналдарда жарияланған материалдармен, Абай атындағы ҚазҰПУ білімгерлері салған сурет көрмесімен танысты. Осы жерде Рамазан Стамғазиев, Нұржан Жанпейісов, Талғат Әбуғазы сияқты танымал әншілердің, Алматы облыстық «Құлансаз» ансамблінің және радиода қызмет ететін өнерлі жандардың қатысуымен мерекелік концерт қойылып, соңынан марқұм болған қызметкерлердің рухына құран бағышталып, ас берілді.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Алматы қаласы