БАЛҚАШ АУДАНЫНА ЖОЛБАРЫСТАР ЖІБЕРІЛЕДІ. ТҰРҒЫНДАРҒА ҚАУІП БАР МА?

Уақыты: 03.10.2021
Оқылды: 1127
Бөлім: КҮНДЕРЕК

ХХ ғасырдың басында жер бетінде 100 мыңға тарта жолбарыс болған екен. Қазір төрт жарым мыңдайы ғана қалыпты. Жолбарыс бір кездері таяу Шығыс, Кавказ бойындағы және Орта Азия елдерін, Түркиядан солтүстік-батыс Қытайға дейінгі жерлерді мекен етіпті. Жер бетінде осы жыртқыш санының азаюы Қазақстанды да айналып кетпегені анық. Басқаша айтсақ, біздің елімізде Тұран жолбарысы тұқым-тұяғымен құрып біткен.

Ғалымдар Тұран жолбарысы генетикалық-молекулярлық жағынан Қиыр Шығыстағы Амур жолбарысына өте жақын екенін дәлелдеген соң олардың құрып кеткен популяциясын қайтадан қалпына келтіру мәселесін қарауға мүмкіндік алды.

2010 жылы Қазақстан Үкіметі осы жолбарысты Қазақстан табиғатының аясына қайта әкелу жоспарын жариялады. Ал 2017 жылы Қазақстан Үкіметі мен Бүкілдүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) арасында жолбарысты табиғатқа қайта әкелу Бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Осы құжаттың негізінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 27 маусымдағы Қаулысына сәйкес Алматы облысында «Іле-Балқаш» табиғи резерваты құрылды. Оның аумағы 415 мың шаршы шақырымды құрайды. Жолбарыс санын молайтуда бұл аймақ тегіннен-тегін таңдалған жоқ. 1947-1948 жылдары Қазақстандағы соңғы жолбарыстың көзі осы өңірде жойылды. Мұнда оның кейінге дейін сақталуы басқа жерлермен салыстырғанда бұл өңірдің жолбарыстың мекендеуіне қолайлы болғандығында, табиғатының жақсы сақталғандығында.

Нәтижесінде Іле өзенінің сағасы мен Балқаш көлінің оңтүстік жағасының экожүйесі жолбарыстың тіршілігіне ыңғайлы, қолайлы деген тоқтам жасалынды. Сөйтіп, Қазақстан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын жойылып кеткен жолбарысты Орталық Азияға қайтаратын тұңғыш ел болып отыр.

Жолбарыстың осы өңірдің табиғатын жерсініп, молаюының бірден-бір шарты оның жемтігіне тікелей байланысты. Ол жайлаған жерде жемтік мол болуы керек. Оның негізгі қорегі – жабайы шошқа мен бұғылар. Жыл сайын резерват аумағына елудей бұғы әкелінуде. Одан басқа қарақұйрықты молайту, дала мен жартылай шөлейт экожүйесінде құланды қалпына келтіру жоспарлануда.

Жолбарысты жерсіндіру бағдарламасы өз дамуымен қоса Оңтүстік Балқаш пен Іле атырауы табиғатының, экожүйесінің қайта қалпына келуіне, сонымен қатар ауданның, резерватқа таяу елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етеді.

Экологиялық ағартушылықты, экологиялық қауіпсіз кәсіпкерлікті дамыту, жастардың білімін көтеру арқылы жергілікті халықты қолдау, жұртты азық-түлікпен қамтамасыз ететін ауылшаруашылық бағытындағы жобалар жолбарысты жерсіндіру бағдарламасы аясындағы міндеттердің бір бөлшегі ғана.

Жасыратын не бар, ауылдық жерлерде нақты жұмыс орындарының жетіспеушілігінен көптеген отбасы кірісінің табиғатқа заңсыз қол сұғу арқылы браконьерлік жолмен келетіні рас. Жолбарысты реинтродукциялау бағдарламасы нақты осы жағдайды өзгертуге бағытталған. WWF Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры «Экобиожоба» қорымен бірлесіп, төрт жыл бойы жергілікті халықты қолдау жобаларын жүзеге асырып келеді. Жыл сайын шағын гранттар бойынша конкурстар өтеді. Климаттың өзгеруіне қарай және су мөлшерінің азаюына байланысты жергілікті халық егістік алқаптары мен бау-бақшаларында тамшылатып суғару әдісін қолдануда. Оларға егетін материалдар беріледі, ауыл жастарының мерекелері мен басқадай іс-шараларын ұйымдастыруға көмек берілуде. Арнайы курстар ұйымдастырылуда, тіпті коронавирус жайлаған қиын жағдайда жергілікті ауруханаға көмектерін де беріп тұрады.

WWF алдындағы үлкен миссия адам мен табиғат арасындағы үйлесімділікті, гармонияны қалыптастыру болып табылады. Көл жағасына келетін жолбарыс сұлу аң ғана емес. Сол арқылы осы өңірге әлемнің әр түкпірінен экологиялық туристерді тарту мүмкіндігі ашылмақ. Сонымен қатар, Іле өзені суының басым бөлігін иемденетін Қытаймен келіссөз жүргізіп, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге негіз бар.

Бағдарламаны орындау барысында Іле өзенінің арнасына ерекше көңіл бөлінеді. Қытай мен Қазақстанның суды қанша алып отырғаны басты назарда болады. Қытаймен Іле суын пайдалануға байланысты келісім жасағанда «Жолбарыс бағдарламасы» әңгіменің басты тақырыбы болмақ.

Осы ауқымы кең шараны жүзеге асыруда жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағдарламаның басты мақсаты болып табылады. Жолбарыс өзіне қауіп төнбесе, адамға шаппайды. Түз тағысы жүретін аймаққа жақын орналасқан елді мекендердің қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Жолбарыс елді мекендерге кірмейтін болады. Үй жануарлары шығыны болып жатса, ол Қазақстан Республикасы мен WWF тарапынан қайтарылады. Тағы бір айта кететін дүние – жолбарыс жүрген жерлерде қасқыр болмайды. Демек, мал шығыны азаяды, тіпті, болмайды деуге негіз бар.

Үндістанда халықаралық көмектен және келетін туристер есебінен жолбарыс елге жылына бір миллион доллар пайда әкелетін көрінеді. Қазақстан жолбарысының да біздің елге сондай көлемде пайда әкелетініне сенім бар.

Алтынбай ШӘКЕНҰЛЫ

Балқаш ауданы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан