ҚИЫН ЖАҒДАЙДА ҚАЛҒАНДАРДЫ ҚОЛДАЙМЫЗ ЖӘНЕ ОЛАРҒА ЖҰМЫС ТАУЫП БЕРЕМІЗ

Уақыты: 02.10.2021
Оқылды: 1242
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Замандас 21» отбасылық аула клубында «Өмірлік қиын жағдайда жүрген балалары бар отбасыларды қолдау жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу және іске асыру» жобасы аясында атқарылған жұмыстар туралы баспасөз брифингі өтті. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі мәлімдеді.

Өмірлік қиын жағдайда жүрген балалары бар отбасыларға көмек көрсету саласында бірыңғай білім беру, ақпараттық-әдістемелік, ақпараттық-коммуникациялық, консультативтік кеңістік құруды мақсат еткен жоба «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы ұсынған гранттық қаражат есебінен жүзеге асырылуда.

Брифингте спикер ретінде Ләззат Алшинова, «Замандас 21» қоғамдық қорының басшысы Варвара Полякова, жоба үйлестірушісі Наталья Семененко, тағы басқа мамандар сөз сөйледі.

Олардың айтуынша, жоба ағымдағы жылдың мамыр-қараша айларында еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырылады. Жоба шеңберінде «Бір терезе» қағидаты бойынша құқықтық, психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, білім беру және басқа да мәселелер бойынша ақпараттық-консультациялық қолдау ұйымдастырылады. Кеңес беру қызметі жексенбіден басқа күндері бірыңғай телефон нөмірі бойынша жүргізілді. Құжаттар мен жазбаша сұрақтарды қабылдау үшін электрондық пошта жұмыс істеп тұр.

Жобаның тағы бір бағыты – мамандықтарға оқыту курстарын ұйымдастыру. Бүгінге дейін 400-ден астам әйел, еліміздегі отбасыларды қолдау орталықтарының 300-ден астам қызметкері жоба аясында ұйымдастырылған курстарда оқыды. Қызметтер нарығын талдау бүгінгі таңда сұлулық, тұрмыстық қызмет және ақпараттық технология саласындағы мамандар сұранысқа ие екенін көрсетті. Айта кетерлігі, курс тыңдаушыларының 99 пайызы әйелдер. Курс аяқталғаннан кейін қатысушыларға сертификат беріледі. Ол жұмысқа орналасуға көмектеседі. Курс түлектерінің кәсіби өсуіне үнемі мониторинг жүргізіліп, консультациялық қолдау көрсетілуде.

Осыған байланысты алдағы уақытта шугаринг шебері, кірпіктерді ламинаттау, қасты ламинаттау, клининг процесін ұйымдастыру, тәтті букет жасау шебері, тігін, аспаздық өнер шеберлері мен СММ маманын даярлайтын курстар жүргізіледі. Жобаға ақпараттық қолдау әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы көрсетіледі. ҚӨЖ-да (қиын өмірлік жағдай) қалған отбасыларға мемлекеттік көмек түрлері туралы 11 ақпараттық буклет әзірленді.

Тренерлер мен консультанттар ретінде 10-нан астам белсенді көпбалалы ана мен даму ерекшеліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған аналар тартылған. Сондай-ақ, тұрғындардың пікірлері жинақталып, қызмет сапасын бақылауға негіз етіледі. Демек, осы арқылы шынайы әрі сапалы қызмет көрсетеді. Оқыту мен курс жұмысы қазақ және орыс тілінде жүргізіледі.

Әрине, облысымызда қиын жағдайда өмір сүріп жатқан бала бағып отырған отбасылар бар. Сол аналар «Замандас 21» отбасылық аула клубының курстық жұмыстарына қатысса, күрмеуі қиын біраз мәселені шешуге құқықтық және ақпараттық көмек ала алады.

Қажет АНДАС

Алматы облысы