ТАЛДЫҚОРҒАНДА КӨПҚАБАТТЫ ҮЙДЕН ӨРТ ШЫҒЫП, 43 АДАМ ЭВАКУАЦИЯЛАНДЫ

Уақыты: 05.10.2021
Оқылды: 1316
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорғанда көпқабатты тұрғын үйден өрт шығып, 6 адам құтқарылды. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облысының төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап мәлімдеді.

Сағат 16:54-те "Самал" шағынауданындағы пәтерлердің бірінде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Аталған мекенжайға Талдықорған қаласының өрт сөндіру бөлімшелері дереу жіберілді. Өрт сөндіру бөлімшелері шақырту орнына белгіленген нормативтік уақытта келіп жетті. Келген бойда түтіндеген пәтерлерден адамдарды құтқару және эвакуациялау жұмыстары жүргізілді. Қабылданған жедел шаралардың арқасында 6 адам құтқарылды, оның ішінде, 3-уі бала. Сондай-ақ, 43 адам, оның ішінде 17 бала үйден эвакуацияланды және 52 адам өз бетінше тұрғын үйден шықты.

Өрттің ғимарат төбесіне және көрші пәтерлерге таралуына жол берілген жоқ. Өрт кезінде Алматы облысының 33 өрт сөндірушісі мен 10 техникасы, сондай-ақ, полиция, жедел медициналық көмек және авариялық газ қызметінің қызметкерлері жұмылдырылды.

Өрт сағат 17:19-да ауыздықталып, 17:33-те сөндірілді. Өрт 21 шаршы метр алаңға жайылды. Зардап шеккендер мен құрбан болғандар жоқ. Өрттің алдын ала себебі сөндірілмеген темекі болып отыр.

Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды тұрмыста өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"