ТАЛДЫҚОРҒАНДА ТАҒЫ ДА ӨРТ: ҚҰРБАНДАР МЕН ЗАРДАП ШЕККЕНДЕР ЖОҚ

Уақыты: 05.10.2021
Оқылды: 1402
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласында арада бір күн өтпей жатып тағы да өрт шықты. Бұл жолы тұрғын үй емес, "Березка" монша кешені қызыл жалынға оранды.

Таңғы сағат 08-10-да Талдықорған қаласы Балпық би көшесінде орналасқан "Березка" монша кешенінің шатыры жанғаны туралы хабарлама келіп түсті. Өртке қарсы бөлімше оқиға орнына келгеннен кейін көлемі 11х20, 2014 жылы салынған ағаш моншаның шатыры жанып жатқаны анықталды. Оның шатыры жалпы ауданы 220 шаршы метр болатын ағаш торлама бойынша металл шиферден жасалған.

Өрт сағат 08:46-да ауыздықталды. Сағат 09:00-де толық сөндірілді. Тілсіз жаудың аумағы 150 шаршы метрге жетті. Өрттің алдын ала себебі электр сымдарының қысқа тұйықталуы болды. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.

Өртті сөндіруге Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінен 29 қызметкер мен 7 техника, Талдықорған қалалық полиция басқармасынан 6 маман мен 2 техника, "Жедел жәрдемнен" 1 бригада жұмылдырылды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"