ФИЗИКАДАН САБАҚ БЕРЕТІН МҰҒАЛІМГЕ СУ ЖАҢА ТЕМІР ТҰЛПАР ТАРТУ ЕТІЛДІ

Уақыты: 06.10.2021
Оқылды: 1234
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ұстаз! Осынау бір ауыз сөзде қасиет бар. Олай болмаса, барша адамзат қауымы ұстаздар алдында бас иер ме едік? «Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын ұстаздікі» деп Мағжан ақын айтқандай, мұғалімге қандай сый-құрмет, марапат көрсетсек те артық емес. Салтанат сарайында Мұғалімдер күні мерекесіне орай өткен «Ұстаз – ұлы тұлға» атты салтанатты шарада біз бұған тағы бір мәрте көз жеткіздік.

Адамзаттың тәрбиешісі ұстаздар қауымын облыс әкімі Амандық Баталовтың атынан орынбасары Арслан Дәндібаев кәсіби мерекелерімен құттықтады.

– Құрметті ұстаздар! Сіздерді  кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Ұлы мамандық иесі – ұстаздардың еңбегіне жеміс, шығармашылық табыс тілеймін. Ыбырай Алтынсариннің: «Маған жақсы мұғалім – бәрінен қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі», - деген сөзі әлі де өз мәнін жойған емес. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы: «Ұлттық бәселекестік қабілеті бірінші кезекте оның білім деңгейімен айқындалады», - деген болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған міндеттерді орындауда елімізде білім мен ғылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде, – деген Арслан Момышұлы облыстағы білім саласы мен ұстаздарға көрсетіліп жатқан қолдау жайлы да атап өтті.

Облысымыздың білім саласына биыл 347,5 млрд.теңге бөлінді. Бұл салаға бөлінетін қаржы көлемі жылдан-жылға арта түсуде. Бүгінгі таңда облысымыздағы жалпы білім беретін мектептерде 45 мың педагог еңбек етуде. Олардың орта айлық жалақысы 270 мың теңгені құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 50 пайызға жоғары.

Биылдың өзінде жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада 17 оқушы жеңімпаз атанып, халықаралық білім сайыстарында лайықты нәтиже көрсетті. Бұдан бөлек ұстаздарымыздың да жеткен жетістіктері атап айтарлық. Осы орайда Арслан Момышұлы педагогтар арасындағы байқауда топ жарып шыққан мұғалімдердің есімін ілтипатпен атады. Сонымен қатар, бірқатар ұстазды облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хатымен марапаттады.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» белгісіне де санаулы ұстаз қол жеткізді. Бұл қатарда Талдықорған қаласындағы №28 IT лицейінің директоры  Гүлжанар Еспанова, №7 ясли-балабақшасының меңгерушісі Ұлтуар  Мамекова, тағы басқа да ұстаздар бар. Ал Ақсу ауданы, Қ.Сәтпаев атындағы орта мектептің мұғалімі Гүлмира Қасенова «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісін, аталмыш мектептің ардагер ұстазы Ғалия Омарова «Еңбек ардагері» медалін иеленді.

Республикалық «Үздік педагог» атағын жеңіп алған ұстаздарымызға да ерекше құрмет көрсетілді. Бұл ретте облысымыздың мерейін асырған Талдықорған қаласындағы М.Арын атындағы №24 дарынды балаларға арналған лицейінің мұғалімі Әмір Сәулетханға, Текелі қаласындағы №6 орта мектептің мұғалімі Наталья Дегтяреваға, Көксу ауданындағы Қ.Жалайыри атындағы орта мектеп-гимназиясының мұғалімі Зарина Темірғалиға, Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің  арнайы  пән оқытушысы Гүлнара Токеноваға 2 миллион 917 мың теңгенің сертификаттары табысталды. Және  облыстық «Үздік педагог» атағын жеңіп алып, 890 мың теңге иеленген ұстаздарымыз да марапатталды.

Облыс әкімінің қолдауымен жыл сайын өтетін педагогикалық байқаулардың жеңімпаздарына да жүлделер тапсырылды. «Үздік кәсіптік білім беру ұйымы» номинациясын жеңіп алған Есік гуманитарлық-экономикалық колледжі мен «Үздік сынып жетекшісі» номинациясының бірінші орын иегері Қаратал ауданы, Үштөбе қаласындағы А.Пушкин атындағы орта мектептің музыка пәні мұғалімі Қайролла Жаңылғанға Диплом және 500 мың теңгелік сертификат берілді. Ал «Жылдың үздік мұғалімі» атанған Жамбыл ауданы, Қарасу орта мектебінің физика пәні мұғалімі Динара Бұхарбаеваға автокөлік кілті табыс етілді.

Өз кезегінде «Жылдың үздік мұғалімі» атанған Динара Бұхарбаева, облысымыздың білім саласында қажырлы еңбек еткен ардагер-ұстаз Роза Кәріпжанова, «Қазақстан мұғалімі – 2021» ұлттық сыйлығының 10 үздік мұғалімнің қатарына еніп, «Әлем мұғалімі» халықаралық сыйлығының іріктеу кезеңіне жолдама алған Сарқан ауданындағы №1 мектеп-гимназияның мұғалімі Татьяна Станкевич жүрекжарды тілектерін білдіріп, ұстаздарға зор қолдау танытып, үлкен шара ұйымдастырған облыс басшылығына алғыстарын жеткізді.

Осылайша ұстаздардың көңілін көкке көтерген, еңбектерінің жемісін сездірген шара Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның әншілері тарту еткен сазды әуенмен жалғасын тапты.

Алма ЕСЕНБАЙ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы облысы