БОЙ ЖЕТІП ҚАЛҒАН ҚЫЗ ҮЙІНЕН ҚАШЫП КЕТІП, 11 КҮННЕН КЕЙІН ТАБЫЛДЫ

Уақыты: 08.10.2021
Оқылды: 1082
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қарасай ауданында жоғалған оқушы қыз 11 күннен кейін қалааралық автобус ішінен табылды.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қарасай ауданының 15 жастағы тұрғыны із-түзсіз жоғалып кеткен. «24 қыркүйек күні сағат 19:20 шамасында Қарасай аудандық полиция бөлімшесіне 15 жастағы қыздың жоғалғандығы жөнінде хабарлама түсті. 51 жастағы Жібек жолы ауылының тұрғыны қызының екі күн бұрын яғни, 22 қыркүйек күні кешкі сағат 21:00 шамасында үйінен шығып, сол күйі хабарсыз кеткенін жеткізді. Баласын ата-анасы іздеген. Бірақ таппаған. Екі күннен кейін ғана анасы полицияға хабар берген», - делінген полиция таратқан хабарламада.

Қарасай ауданының полицейлері үйінен қашып кеткен оқушы қызды Қаскелеңнен Алматыға бағыт алған автобустан тапты. «Оқушының сөзінше, ол үйінен кеткен сәттен бастап базарда түнеген. Түсіндіру жұмыстарынан кейін 15 жастағы қыз ата-анасының қолына берілді», - деп толықтырды полицияның баспасөз қызметі өкілдері.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"