ОҚУШЫЛАР ДА ӨРТ СӨНДІРЕДІ: ОБЛЫСТА ҮШІНШІ КАДЕТ СЫНЫБЫ АШЫЛДЫ

Уақыты: 15.10.2021
Оқылды: 1533
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Құтқарушылар күні қарсаңында Өтеген батыр кентінде "Жас өрт сөндіруші" кадет сыныбының салтанатты ашылуы өтті. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

19 қазан - құтқарушылардың, азаматтық қорғаныс ардагерлері мен төтенше жағдай қызметкерлерінің мерекесі. Биыл Қазақстан Республикасының төтенше жағдай қызметіне 26 жыл толады.

Айта кетейік, 2019 жылдан бастап Өтеген батыр кентіндегі №7 орта мектепте жас құтқарушылардың екі кадет сыныбы ашылған еді. Енді, міне, Өтеген батыр кентінің №13 орта мектебінде де жас құтқарушылардың үшінші кадет сыныбы ашылып отыр. Іс-шараға Алматы облысы ТЖД бастығының орынбасары, Іле ауданы әкімінің орынбасары, кадет сыныбының демеушілері болып табылатын "ЛУКОЙЛ" компаниясының өкілдері, волонтерлер, ата-аналар және мектеп ұжымы қатысты.

Іс-шара барысында кадеттер Құтқарушылар күніне орай концерт ұйымдастырды, саптық дайындық дағдыларын көрсетті. Іле ауданының ТЖБ қызметкерлері құтқарушылар мен арнайы техниканың көрсетілімдерін ұйымдастырды. Түрлі төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша бірлескен профилактикалық жұмыстары үшін волонтерлерге грамоталар табысталды.

Алматы облысы Қазақстан бойынша мұндай тәжірибені енгізген алғашқы өңір екенін атап өткіміз келеді. Бұл азаматтық қорғау жүйесін құру және дамыту тарихына енетін тағы бір жаңа белес. Мектеп қабырғасынан бастап балалар өз өмірлеріне немқұрайды қарамауды, сақтанып жүруді, қиын кезде көмек сұраған адамға жәрдемесуді үйренеді. Сонымен қатар, мұндай жұмысты ерте жастан бастап балалармен жүргізу өте маңызды. Өз кезегінде Алматы облысы төтенше жағдайлар департаменті оқыту процесін ұйымдастыру үшін жан-жақты қолдау көрсете отырып, осы жұмысты жалғастыратын болады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"