КЕРБҰЛАҚ АУДАНЫНДА "ТАЗА СЕНБІЛІК" АКЦИЯСЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 18.10.2021
Оқылды: 1334
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Кербұлақ ауданының барлық елді мекендерінде санитарлық тазарту, аббаттандыру және көгалдандыруға арналған «Таза сенбілік» шарасы өткізілді. Іс-шараға Кербұлақ ауданы әкімдігінің қызметкерлері, бөлім және мекеме басшылары, аудандық жастар ресурстық орталығы, волонтерлер қатысты.

Шанханай ауылдық округіндегі Шоқан Уәлиханов атындағы "Алтынемел" мемориалды музейінің қызметкерлері де мекеме маңайындағы ағаш түптерін қопсытты. Таза ауада таң шуағына бөленген сенбілік қатысушылары өз әсерлерімен бөлісті. Музей директоры Рахатова Марал: "Сенбілікке қатысудың жақсы жақтары көп. Дене ширап, топта жұмыс істеу қабілеті артады, көңіл-күй көтеріледі", - деп пікірімен бөлісті.

Сенбілік барысында емхана қызметкерлері де емханаға тиесілі аумаққа санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізіп, ғимараттың жан-жағын тазартып, реттестіріп, бұрынғы егілген талдарды суғарып, санитарлық жағдайы мен эстетикалық көрінісін жақсартты.

Айта кетейік, Сарыөзек ауылының көшелеріне ақылы қоғам жұмысшылары күн сайын тазалық жұмыстарын жүргізіп тұрады. Аудан әкімдігі тұрғындарды көше тазалығын сақтауға және экологиялық мәдениет қалыптастыруға шақырды.

Абаттандыру ережесін сақтамаған жағдайда Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 505-бабына сәйкес, «қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ, қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру» бойынша айыппұл салынады.

Раушан БИСЕМБЕКҚЫЗЫ,

Кербұлақ ауданы әкімінің баспасөз хатшысы

Алматы облысы