КЕРБҰЛАҚ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ҚҰТҚАРУШЫЛАРДЫ ТӨЛ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Уақыты: 19.10.2021
Оқылды: 1477
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында және Құтқарушылар күніне орай Кербұлақ ауданының әкімі Ғалиасқар Сарыбаев табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен салдарын жою бойынша қызмет атқарып жүрген аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, Сарыөзек ауылындағы №19 Өрт сөндіру бөлімі және Қоғалы ауылындағы №28 Өрт сөндіру бекеті қызметкерлерін Алғыс хатпен және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Аудан әкімі Ғ.Сарыбаев Сарыөзек ауылындағы №19 Өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі, азаматтық қорғаныс сержанты Санжар Жақсылықбайға жекпе-жектен өткен Азия чемпионатындағы жеңісімен құттықтап, Кербұлақ ауданының спорт саласына өзіндік үлес қосып, айтулы додаларда топ жарып, аудан намысын қорғап жүрген және толағай табыстарға жеткені үшін Алғыс хатпен марапаттап, бағалы сыйлық берді. Спрот шеберіне алдағы өтетін жекпе-жектерде жеңіске жетуіне тілектестігін білдірді.

Азия кубогына, республикалық, облыстық жарыстарға қатысып, өңір намысын абыроймен қорғап жүрген Қазақстан Республикасының чемпионы, жекпе-жектен спорт шебері, аға өрт сөндіруші Санжар Сабыржанұлы: “Осындай жетістіктерімізді ескеріп, құрмет көрсетіп жатқандарыңыз үшін рахмет. Мамандығыма келер болсам, құтқарушы мамандығының ең басты міндеті — халықтың бейбіт өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайларға жол бермеу деп білемін”, - деп өз пікірімен бөлісті.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"