САРЫӨЗЕКТЕ ШАБУЫЛДАУШЫ БРИГАДАНЫҢ ҚҰРЫЛҒАН КҮНІ МЕРЕКЕЛЕНДІ

Уақыты: 20.10.2021
Оқылды: 1379
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Сарыөзек гарнизонында орналасқан шабуылдау бригадасының құрылған күніне орай ауқымды іс-шара өткізілді.

Бұл шабуылдау бригадасының ерлікке толы тарихы өте бай. Бөлімнің жауынгерлік жолы 1945 жылдан басталған. Кеңес дәуірі кезінде 372-ші Қызыл тулы мотоатқыштар дивизиясының құрамына кіріп, нөмірі 21 жеке танк батальоны болған.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін жаңғырту шараларының негізінде бөлім Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері десанттық-шабуылдау әскерлері құрамына кіріп, шабуылдау бригадасы аталды.

Салтанатты шара басында бөлімнің алпыс жылдығы құрметіне тұрғызылған ескерткіш тасына гүл шоқтары қойылды және майданда қаза болған батырларды еске алып, бір минут үнсіздік жарияланды. Сондай-ақ, бөлімнің саптық алаңында әскери оркестрдің сүйемелдеуімен Қазақстан Республикасының Гимні орындалып, Мемлекеттік Туы көтерілді.

Аталмыш шараға Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы, Ауған соғысы және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері, отставкадағы майор Шерғали Нұрғалиев, бригада командирі, полковник Ержан Ембергенов, Сарыөзек гарнизонында орналасқан басқа да әскери бөлім командирлері мен мекеме басшылары және әскери бөлімнің жеке құрамы қатысты. Олар әскери бөлімнің жеке құрамын айтулы мерекемен құттықтап, Отан қорғаудағы істері мен еңбектеріне сәттілік тіледі.

Шара барысында әскери қызметтегі кәсіби шеберліктерімен танылып, мінсіз қызмет еткен және жауынгерлік дайындықта үздік деп танылған бірқатар әскери қызметшілер Алғыс хаттармен, мақтау грамоталарымен марапатталды.

– Біздің әскери бөлім өзіне артылған зор сенімді абыроймен атқарып, еліміздің Қарулы Күштерінің дамуына сүбелі үлесін қосып келеді. Барлық жеке құрамды айтулы мерекесімен құттықтаймын, – деді шабуылдау бригадасы командирінің орынбасары, подполковник Айдос Мальтаев.

Шара жеке құрам дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалаумен аяқталды.

Абзал САРТАЕВ,

Сарыөзек гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы

Кербұлақ ауданы

Алматы облысы