АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ӨМІРІН ҚАТЕРГЕ ТІККЕН ҚҰТҚАРУШЫЛАР МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 20.10.2021
Оқылды: 1417
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Биыл азаматтық қорғау органдарына 26 жыл толды. Құтқарушылар күніне орай өңірімізде мерекелік жиын өтті. Оған Алматы облысы әкімінің бірініші орынбасары Лаззат ТҰРЛАШОВ қатысты. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Салтанатты жиында азаматтық қорғау органдарына жаңадан қабылданған жас қызметкерлер ант қабылдап, қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан жандардың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Шараға жиналған қауым Талдықорған қаласы, 6-шағынаудандағы көпқабатты үйдің қабырғасына салынған муралдың ашылу салтанатын өткізді. Муралда қызыл жалыннан кішкентай қызды арашалап алып шыққан құтқарушының суреті салынған.

Осыдан кейін төтенше жағдай қызметкерлері Оқушылар сарайында бас қосты. Салтанатты шарада Лаззат Махатұлы сөз алып, төтенше жағдай қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

­– Адам жанын арашалау үшін өз өмірін қатерге тігетін құтқарушылардың жұмысы ерлікпен пара-пар. Сіздердің ел игілігі мен халықтың амандығы жолындағы істеріңізге жеміс тілеймін. Жыл сайын облыстық төтенше жағдайлардың техникалық жабдықтары нығайтылуда, ­­– деп ізгі тілегін білдіріп, осы салада ерен еңбек еткен қызметкерлерді Төтенше жағдайлар министрлігінің, облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапаттады. Сонымен қатар, Талғардағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Мирас Мандыбаевқа Төтенше жағдайлар министрлігінің «Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін», өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі жедел құтқару жасағы Талдықорған қаласы құтқару бөлімшесінің бас құтқарушысы Рауан Өмірханға «Құтқарушы» төсбелгісі табысталды.

Өз кезегінде облыстық ТЖД бастығы Асқар Тойшыбеков сөз алып, қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.

Шара соңында құтқарушылар күніне арналған бейнефильм көрсетілді.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы