ҚАРАСАЙ АУДАНЫНДА ДҮКЕНДЕ ЖАНЖАЛ ШЫҒЫП, БІР АДАМ КӨЗ ЖҰМДЫ

Уақыты: 20.10.2021
Оқылды: 1206
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қарасайлық полицейлер мас адамды өлтірді деген күдікпен дүкен сатушысын ізін суытпай ұстады.

Сағат 10:00 шамасында Қарасай аудандық ішкі істер бөліміне Тұрар ауылындағы дүкендердің бірінен зорлық-зомбылық белгілері бар ер адамның мәйіті табылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, 1-бөлігі бойынша тіркелген.

Оқиға орнына шыққан тергеу тобы ақпаратты растады. Жүргізілген іздестіру шараларының нәтижесінде мүрденің Тұрар ауылының 54 жастағы тұрғыны екені анықталып, одан кейін Жібек жолы ауылының 39 жастағы тұрғыны ұсталды.

Алдымен ол ештеңені мойындамаған. Дәлелдерді көрсеткеннен кейін ол кісі өлтіргенін мойындап, қылмыс құралы - пышақты берді.

Күдіктінің айтуынша, ол дүкенде сатушы болып жұмыс істейді. «Сатып алушы ретінде келген жәбірленуші мас болып, жанжал шығарған. Жанжал кезінде дүкен сатушысы қайтыс болған адамның кеудесіне пышақ сұққан. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Өзге ақпарат жария етілмейді», - делінген полиция хабарламасында.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"