ИНТЕРНЕТІ НАШАР АЛАКӨЛ, СУ ЖЕТПЕЙТІН КУРОРТ: СЕНАТОР КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕ

Уақыты: 25.10.2021
Оқылды: 988
Бөлім: КҮНДЕРЕК

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сұлтан ДҮЙСЕМБІНОВ Алматы облысының туризм саласындағы өзекті мәселелерін көтерді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Сенатор Алакөл жағалауының инженерлік инфрақұрылымын дамытудың маңыздылығына тоқталды. Қолданыстағы электр желісіне түсетін ауыртпалық көп болғандықтан, кей жерлерде электр қуатының жетіспеушілігі байқалады. Алакөлде мобильді интернетке қол жеткізуде де проблемалар бар.

- Туристік объектілерде ұялы байланыс операторларының станциялары болғанымен, олардың қуаты бүкіл Алакөл жағалауын қамти алмайды. Осы орайда ұялы байланыс операторлары станцияларының ауқымын арттыру, туризм объектілері үшін жеңілдікті бағалармен жоғары жылдамдықта интернет желілерін жүргізу жолдарын қарастыру керек, - деді өзінің депутаттық сауалында Сұлтан Дүйсембінов. Сонымен бірге, сенатор Алматы облысындағы тау шаңғысы курорттарын сумен қамтамасыз етуге байланысты мәселелерді де жіпке тізді.

Сенатор жаңа нысандар мен келешегі зор тау шаңғысы курорттарының қажеттіліктері үшін су ресурстарына гидрогеологиялық зерттеулер жүргізу қажет екенін атап өтті. Депутаттың айтуынша, мұндай жұмыстар соңғы рет 1985 жылы жүргізілген. Сенатор Қазақстанда туризмді дамытуға қатысты өзекті мәселелер келесі жылдың басында «Қазақстанның ішкі туризмін дамыту – уақыт талабы» тақырыбы бойынша парламенттік тыңдауда қаралатынын жеткізді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"