САРЫӨЗЕКТЕ ЖҮРЕГІ ЕЛІМ ДЕП СОҚҚАН БІР ТОП БОЗБАЛА ӘСКЕРГЕ АТТАНДЫ

Уақыты: 24.10.2021
Оқылды: 1091
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Сарыөзек гарнизонында орналасқан Кербұлақ ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде мерзімді әскери борышын өткеруге шақырушыларды қабылдау жұмысы жалғасуда.

Кербұлақ аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімде мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру жөнінде кезекті комиссия отырысы өтіп, азаматтарды әскер қатарына алу шарасы өткізілді. Әскерге шақырушыларды ата-аналары мен жақын туыстары шығарып салды. Олармен ауданның қорғаныс істері жөніндегі бастығы, подполковник Болат Омаров кездесті. Әңгіме барысында ол бозбалалардың ата-анасына әскерге шақырудың негізгі міндеттері мен талаптарын толықтай түсіндірді.

Әңгіме соңында болашақ сарбаздарға лайықты қызмет етіп, үйлеріне аман-есен оралуларына сәттілік тілеп, Отан қорғаушыларды Қарулы Күштер қатарында азаматтық борыштарын өтеуге шығарып салды.

- Әскерге бару менің бала кездегі арманым болатын. Отанды қорғау – абыройлы парыз деп білемін. Себебі, ел қорғаны бола білу - әр азаматтың міндеті, - деді әскер қатарына шақырылушы Батырхан Жұмаділ.

Абзал САРТАЕВ,

майор, Сарыөзек гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы

Кербұлақ ауданы

Алматы облысы