КӨРШІ ЕЛДЕРДЕ ЭПИДАХУАЛ КҮРДЕЛІ. ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ ТАҒЫ ДА ЖИЫН ӨТКІЗДІ

Уақыты: 28.10.2021
Оқылды: 1046
Бөлім: КҮНДЕРЕК

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай мен халықты жұмыспен қамту шаралары қаралды. Жиынға онлайн түрде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары қатысты.

Отырыста ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов баяндама жасады.

Қазақстандағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай бақылауға алынған. Вирустың репродуктивті индексі – 0,96. Инфекциялық төсек-орындар 37%, реанимациялық төсектер 30% толы. Коронавирус инфекциясының таралу қарқыны бойынша Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау, Алматы облыстары және Шымкент қаласы «жасыл аймақта», Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Қарағанды, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстары «сары аймақта» орналасқан. Қостанай, Павлодар, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары «қызыл аймақта» тұр. Бүгінгі таңда 8,2 млн.-нан астам адам коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші ком­понентін, 7,4 млн.-нан ас­там адам екінші компоненті­н алды.

Көрші елдердегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне бай­ла­нысты Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне мемлекеттік шегарадағы эпидемиологиялық бақылауды күшейтуді тапсырды. Әсіресе, шегара маңындағы өңірлердің әкімдеріне санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың қатаң сақталуын қамтамасыз ету, сырқаттанушылық деңгейіне мониторинг жүргізу және жедел шаралар қабылдау, сондай-ақ, мониторингтік топтардың жұмысын жандандыру тапсырылды.

Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдеріне коронавирусқа қарсы вакциналау қарқынын арттыру қажет. Денсаулық сақтау, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктеріне халыққа вакциналау мен ревакцинацияның маңыздылығын, денсаулықты сақтаудың жалғыз  жолы – коронавирусқа қарсы вакцина алу екенін түсіндіру жұмыстарын одан әрі жүргізу керектігі айтылды.

Халықты жұмыспен қамту шаралары туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов баяндама жасады.

Премьер-Министр Асқар Мамин «Еңбек» бағдарламасы мен «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында жоспарларды орындау жұмысын жандандыруды, бір ай мерзімде экономиканың сапалы және орнықты өсуін қамтамасыз ету үшін кадр қажеттілігін анықтау мәселесін өзектендіруді, «Кәсіптік біліктіліктер туралы» Заң жобасын әзірлеп, талқылауды тездетуді тапсырды.

2021 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша жұмыспен қамту шараларымен 1 млн.-нан астам қазақстандық қамтылды. Биылғы жылдың соңына дейін қосымша 200 мың адамды қамту көзделген. Үкімет басшысы белгіленген жоспарлар орындалатынын атап өтті. Сонымен қатар, бүгінгі таңда экономиканың барлық салаларының қызметі қалпына келтіріліп жатыр.

«Бұл шаралар жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеуге және оны 4,9% деңгейінде ұстап тұруға мүмкіндік береді. Маңызды мәселе – тұрақты жұмыс орындарын құру, биыл кемінде 440 мың жұмыс орны құрылуы тиіс», – деді Асқар Ұзақбайұлы.

Премьер-Министр Атырау (бос орындарға жұмысқа орналасқандардың үлесі – 68%), Қарағанды (66%) және Қостанай (66%) облыстарындағы тұрақты жұмыс орындарын құрудың оң тәжірибесін атап өтті. Сонымен қатар, «Еңбек» бағдарламасы бойынша жылдық жоспардың орындалуының төмен деңгейі Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысында байқалады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында жобаларды іске асырудың төмен деңгейі Шымкент қаласында, Қызылорда, Ақмола және Ақтөбе облыстарында орын алған.

Үкімет басшысы артта қалған өңірлерге «Еңбек» бағдарламасы мен «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында жоспарларды орындау жұмысын жандандыруды тапсырды. А.Мамин реттеу тетігін жедел әзірлеу және экономикалық белсенділікке жұмыспен қамтудың жаңа формаларын тарту қажет екенін атап өтті. «Бастау Бизнес» жобасын іске асыру Кәсіпкерлік жөніндегі ұлттық жоба аясында жалғастырылады. Жұмыс істеп тұрған Кәсіпкерлік жөніндегі жобалық офис жұмысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновтің төр­ағалығымен жұмыспен қам­ту бағыты құрылады.

Мәулен ӘНЕРБАЙ