ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ПЕНЖІМДЕГІ ТӨБЕЛЕСКЕ ҚАТЫСТЫ ЖАҢА АҚПАРАТ ҰСЫНДЫ

Уақыты: 28.10.2021
Оқылды: 1003
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының полиция департаменті Пенжімдегі төбелеске қатысты жаңа ақпарат ұсынды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

27 қазан күні кешкі сағат 20:00-де 102 пультіне Пенжімде мектеп оқушылары арасындағы төбелеске қатысушылардың бірінің үйінің жанында 30-ға жуық адам жиналғаны туралы ақпарат келіп түскен. Жиналғандар бірқатар жеке үйлердің әйнектерін, сондай-ақ, бірнеше автокөлікті сындырған.

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды (адамдар тобымен жасалған бұзақылық). Сондай-ақ, сол түні сағат 22:45-те Панфилов аудандық полициясының кезекші бөліміне Пенжімдегі жаңа салынған үйлердің бірінен өрт шыққандығы туралы хабарлама түскен. Өрт орнына Панфилов аудандық полиция бөлімі мен төтенше жағдайдың кезекші нарядтары келген.

Үй иесінің айтуынша, өрт пеш жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуі салдарынан орын алған. Сағат түнгі 23.30 шамасында өрт ауыздықталды. Зардап шеккендер жоқ. Бұл өрттің болған оқиғаға еш қатысы жоқ.

Ауылда қазір қоғамдық тәртіп қамтамасыз етіліп, жағдай бақылауға алынған. Төбелес кезінде жарақат алған жасөспірім 2005 жылы туған. Ол Панфилов аудандық көпсалалы ауруханасында жатыр. Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, жасөспірімнің денсаулық жағдайы тұрақты.

Алматы облысының полиция департаменті жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"