ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ҚАРЖЫСЫ КӨП ЖАҢА ЖОБА ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 28.10.2021
Оқылды: 1047
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде G-Global халықаралық хатшылығының «Жасыл экономика коалициясымен» бірге «3.2.1.Старт» жобасының таныстырылымы өтті.

Жоба ағымдағы жылы жүзеге асырылатын жастар бастамаларын қолдауға бағытталған. Осы маусымның тақырыбы – БҰҰ-дың тұрақты даму бойынша жаһандық мақсаттарына қол жеткізудің тиімді жолдарын іске асыру. Жоба қатысушылары жаһандық тұрақты даму мақсаттары – сапалы білім беру, таза су және тазалық, қолжетімді және таза энергия, отандық тұтыну мен өндіріс, климаттың өзгеруіне қарсы күресті іске асыруға көмектесетін идеялар мен шешімдерді ұсынуы тиіс.

Жоба шеңберінде 18-35 жас аралығындағы жастар үшін тұрақты даму мақсаттары, кәсіпкерлік негіздері, жобалық менеджмент, стратегиялық жоспарлау, қаржы, маркетинг, көшбасшылық және көпшілік алдында сөйлеу дағдылары және тағы басқа өзекті тақырыптарға көптеген іс-шаралар жоспарланған.

Аталған шаралар жобаны іске асыру және жастарға күнделікті өмір мен тұлғалық дамуда аса қажетті дағдыларды дамытуға бағытталған. Ал шараларда салалық сарапшылар, жас кәсіпкерлер және белгілі қоғам қайраткерлері тренер болады. Таныстырылым барысында конкурсқа қатысу шарттары егжей-тегжейлі түсіндірілді. Оның қорытындысы бойынша үздік жоба авторлары өз идеяларын іске асыру үшін құны 5 000 000 теңгеден бастап гранттар алады.

Жоба жастар арасында үлкен қызығушылық тудырып, студенттер тарапынан көптеген сұрақтар қойылды. Конкурсқа қатысудың толық шарттарымен www.321start.kz сайты арқылы таныса аласыз.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба ССI корпорациясы қолдауымен жүзеге асырылады. Университет студенттерінің презентациясымен танысу үшін Нұр-Сұлтаннан «Жасыл экономика және G-Global дамыту коалициясының» бас менеджері Асыл Оқапова мен менеджері Ерсұлтан Мансұр, коммуникациялар жөніндегі жетекші-менеджер Қанат Ноғойбаев, корпоративтік қатынастар жөніндегі маман Балжан Байзақова келсе, ҚазҰУ тарапынан универсиет жанындағы G-Global орталығының директоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Кәрімжан Шәкіров пен декан орынбасары Думан Жекенов басшылығымен халықаралық қатынастар факультетінің студенттері белсенді қатысты.

Р.РАХИМБАЕВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық қатынастар факультеті дипломатиялық аударма кафедрасының Phd докторанты, аға оқытушы

А.СМАГУЛОВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық қатынастар факультеті дипломатиялық аударма кафедрасының доценті міндетін атқарушы