ПЕНЖІМДЕГІ ТӨБЕЛЕС: АУЫЛ АҚСАҚАЛДАРЫ ХАЛЫҚТЫ АУЫЗБІРЛІККЕ ШАҚЫРДЫ

Уақыты: 28.10.2021
Оқылды: 1107
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Пенжім ауылындағы оқушылар төбелесі бойынша әкімдік, полиция өкілдерінің және жергілікті тұрғындардың қатысуымен үлкен жиын өтті. Пенжім ауылдық Мәдениет үйінде бас қосқан жиында ақсақалдар сөз сөйлеп, халықты ауызбірлікке шақырды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Естеріңізге сала кетсек, жанжал 9, 10, 11-сынып оқушыларының сөзге келісе алмауынан басталып, арты 30 шақты адам қатысқан жаппай төбелеске ұласты. Төбелес салдарынан екі адам зардап шеккен.

Дәрігерлердің айтуынша, 2005 жылы туған жасөспірім Панфилов аудандық ауруханасына ашық бас сүйек-ми жарақатымен түскен, қазір жағдайы тұрақты. Екінші адам да ашық бас сүйек-ми жарақатымен орташа ауырлықта жатқызылған.

- Науқас толық тексерілді, көрсеткіштері бойынша жедел емдеу ұсынылды. Науқасқа ота жасалды, қазіргі уақытта баланың жағдайы тұрақты, реанимация бөлімінде ем алуда, қазір толық есін жиды, - деп атап өтті Панфилов аудандық ауруханасының дәрігері Е.Қожахметов.

Кездесу барысында жиынға қатысушылар жастардың тәрбиесіне, жанжалдың неден шыққанына назар аударды. Жергілікті биліктің айтуынша, мектеп оқушыларының қақтығысы ары қарай өршіп, жергілікті тұрғындарға зиян келтірген.

- Мен мұнда түні бойы болдым. Жастардың жауапсыз әрекетін көрдім. Олар мектеп жанжалын өршітіп, жергілікті тұрғындарға зиян келтірді. Мен ақсақалдарды, жергілікті тұрғындарды балаларды бір-бірін құрметтеуге үйретуге шақырғым келеді. Сіздер өмір бойы осы жерде тұрасыздар. Бір-біріңізге дос, көрші, бауыр, әріптессіздер. Сіздер қуаныш пен қайғы-қасіретті бірге бөлісесіздер. Осы құндылықтардың барлығын балаларыңызға жеткізулеріңіз керек, - деді Панфилов ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев.

Жиында ауыл тұрғындары да сөз алып, бір-бірін құрметтеуге шақырды.

- Жастар - ел болашағы. Біз олардың тәрбиесіне көңіл бөлуіміз керек. Мұндай жағдайлар арқылы бүкіл елде бізге қатысты теріс пікір туындайды. Дегенмен де, айтқым келгені - бұл ұлтаралық қақтығыс емес. Осындай жағдайдың орын алуы өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі олқылықтардың көрінісі деп білемін. Оқиғаны өрбітудің қажеті жоқ. Кей адамдар осы жайтты теріс мағынада қолданады. Олар кешегі кездейсоқ өрт сол оқиғаның нәтижесі сияқты көрсетуге тырысты. Бірақ бұл олай емес және сіздер бәрін білесіздер. Бір-бірімізді құрметтейік. Біздің еліміз де, жеріміз де бір, - деді Пенжім ауылының тұрғыны Аутжан Хамраев.

- Қазір осы жерде ұлтаралық үлкен мәселе бар деп айта алмаймын. Бұл балалар арасында орын алған жайт. Яғни, балалардың тентектік танытуының салдары. Тек қана мектептен емес, үйден де тәрбие беріп, оқушыларды бір-бірін сыйлауға үйрету керек. Аудан әкімі ретінде ұлтаралық мәселені көріп отырғаным жоқ. Тәрбие жағына үлкен мән беруіміз керек, - деп сөзін түйіндеді Панфилов ауданының әкімі.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"