ПЕНЖІМДЕГІ ТӨБЕЛЕС. ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Уақыты: 29.10.2021
Оқылды: 1062
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақстан халқы Ассамблеясы Пенжім ауылындағы төбелеске байланысты мәлімдеме жасады. Сондай-ақ, Ассамблеяға қарасты "Қазақстан ұйғырлары" мәдени орталығы да үн қатты.

«Құрметті қазақстандықтар! Алматы облысы Панфилов ауданы Пенжім ауылының жергілікті мектебінде екі жоғары сынып түлектерінің арасында келіспеушілік туындап, оқушылар арасында төбелеске ұласты. Өкінішке қарай, төбелес барысында оқушылардың бірі зардап шекті, оған қажетті көмек көрсетілді. Ол қазір ауруханада дәрігерлердің бақылауында. Кешке ауылда жергілікті тұрғындар жиналып, мектеп аумағында болған жаппай төбелес салдарынан аталмыш жағдайдың орын алуына байланысты наразылық білдірді. Сонымен қатар, кейбір жасөспірімдер мен жастар эмоцияның және арандатушылардың әсерінен бірнеше жеке үй мен көліктердің әйнегін сындырған. Ауыл тұрғындары арасында, этносаралық негізде қандай да бір жанжалдың, әсіресе қақтығыстардың жоқ екендігін және оған жол берілмейтіндігін ерекше атап өткім келеді. Жергілікті тұрғындар - қазақтар да, ұйғырлар да көп жылдар бойы бірге тұрып келеді, бір бірінің достары мен көршілері. Оның барлығы шын жүректен бейбітшілік пен тыныштықты қалайды. Жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының Қоғамдық орынбасары Зәкіржан Күзиев, ҚХА хатшылығы және облыстық ішкі саясат басқармасының этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлімінің басшысы М.Батырбеков және «Қоғамдық келісім» КММ директоры қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде. Олармен бірге ақсақалдар, жигит-беши, азаматтық қоғам өкілдері жұмыс істейді. Қазіргі уақытта Пенжім ауылындағы жағдай тұрақты», - делінген Ассамблеяның ресми өкілі Майя Бекбаеваның мәлімдемесінде.

Ал "Қазақстан ұйғырлары" мәдение орталығының өкілдері достық пен татулық бәрінен биік екенін жеткізді. «Жергілікті мектептің 9-10 сынып оқушылары арасындағы төбелестен ұлдардың бірі - Нұрбол Әділхан ауруханаға түсті. Біз, "Қазақстан ұйғырлары" республикалық мәдени орталығының басшылары, жасөспірімнің ата-анасына шын жүректен қайғырып, оны емдеу мен оңалтуға қажетті кез келген көмекті көрсетеміз. Екінші жағынан, біз, орын алған бұл оқиғаны, әлеуметтік желілерде этносаралық жанжал ретінде көрсетуге тырысудан бас тартамыз. Иә, 28 қазанға қараған түні ауылдың кейбір тұрғындары үйлер мен көліктердің терезелеріне тас лақтырып, ұсақ бұзақылыққа жол берді. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде аталмыш этносаралық қақтығыстар туралы тарап жатқан қауесеттердің ешқандай негізі жоқ екенін жауапкершілікпен мәлімдейміз. Алматы облысы басшылығының, құқық қорғау органдары мен Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің жедел іс-қимылдарының нәтижесінде ауылда қоғамдық қауіпсіздік, азаматтардың бейбітшілігі мен тыныштығы қамтамасыз етілді. Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары З.Кузиев, Қазақстан ұйғырлары республикалық мәдени орталығының өкілдері Пенжім ауылында және жигит-бешимен бірге билік пен полицияға осы оқиғаны шешуге көмектесуде. Біз төбелеске және арандатушылыққа қатысы бар адамдардың барлығы заңға сәйкес жазаланатынына сенімдіміз. Біз азаматтарды сабырлық сақтауға, ресми ақпаратқа сенуге және әртүрлі жалған хабарламаларға, әлеуметтік желілердегі қызуқандылыққа бой алдырмауға шақырамыз! Панфилов ауданының қазақтары мен ұйғырлары жақсы қарым-қатынастарды, көпжылдық достықты, бауырластық байланыстарды бағалайды және «зиянды арандатушылар» осы оқиғаны пайдаланып, арадағы достыққа сызат түсіруге жол бермейді», - делінген хабарламада.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"