ТАЛДЫҚОРҒАНДАҒЫ КОТТЕДЖДІ ҚАЛАШЫҚ ТҰРҒЫНДАРЫНА ЕСКЕРТУ ЖАСАЛДЫ

Уақыты: 01.11.2021
Оқылды: 1177
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорғанда кейінгі жылдары көптеген жаңа нысан бой көтеріп, тұрғын үй құрылысы ерекше қарқынды дамып келеді. Әсіресе, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешу тұрғысынан да, сәулет тұрғысынан да халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған коттедж қалашығының құрылысы ерекше рөл атқарды.

Жалайри даңғылының бойындағы коттедж қалашығы жүргіншілердің назарын бірден өзіне аударады. Оны Талдықорғанның "визит карточкасы" деуге де болады. Сондықтан үйлердің сыртқы келбетіне ерекше назар аударылады. Осы ретте уәкілетті органның басшысы ретінде қала, әсіресе, коттедж қалашығының тұрғындарын сәулет, қалақұрылысы және құрылыс қызметі бойынша ел заңнамасының кейбір талаптары туралы хабардар еткім келеді.

"Қазақстан Республикасындағы сәулет, қалақұрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі № 242 Заңы сәулет, қалақұрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асыру процесінде мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар арасында туындайтын қатынастарды реттейді және адамның мекендейтін және тіршілік ететін толымды ортасын қалыптастыруға, елді мекендер мен қонысаралық аумақтарды тұрақты дамытуға бағытталған. Ол осы саладағы мемлекеттік, қоғамдық және жеке мүдделерді қорғайды.

Неліктен біз бұл сұраққа назар аудардық? Өкінішке қарай, бүгінде коттедж қалашығының тұрғындары өз қалауы, мүмкіндіктері бойынша бір қатарда тұрған коттедждердің қасбетін ауыстырып жатқанын, тіпті, әртүрлі құрылыс материалдарын қолданып жатқанын байқаймыз. Мұның бәрі тұтастай алғанда бүкіл шағынауданның сәулеттік келбетін, тұрғын үй кешенін дамытудың жалпы тұжырымдамасын бұзады.

"Құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы №750 бұйрығының 2 тарауына сәйкес елді мекендердің аумағында әртүрлі мақсаттағы объектілерді өз бетінше салуға жол берілмейді. Ғимараттарды немесе құрылыстарды күрделі жөндеу және қайта жаңарту барысында ұқсас құрылыс материалдарын қолдана отырып, қасбетті бірыңғай стильде кешенді рәсімдеу көзделетін жағдайларды қоспағанда, объектілерді пайдалану кезінде ғимараттың, құрылыстың сәулеттік стилін бұзуға жол берілмейді.

Жоғарыда көрсетілген талаптарды орындау жеке және заңды тұлғалар үшін міндетті. Сондықтан кез келген объектіні салу, үйге жапсарлас құрылыс салу, үй-жайды қайта жоспарлау, қайта жабдықтау кезінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы №750 бұйрығымен бекітілген құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімінен өту қағидасын басшылыққа алу қажет.

Данияр АБДЫБЕКОВ,

Алматы облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы