ТАЛҒАРДА ӘКІМДІККЕ ҮШ АДАМ ТАЛАСҚА ТҮСІП, БІРЕУІ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ

Уақыты: 02.11.2021
Оқылды: 948
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазан айының аяғы Талғар қаласының тұрғындары үшін нағыз саяси науқанға айналды. Осы күнді тағатсыздана күткен тұрғындар таңмен таласа тұрып, өздері таңдаған кандидатураға дауыс беруге асықты. Себебі, сайлаушылардың әрбірі халық саны жылдан-жылға артып, экономикалық-әлеуметтік ахуалы күн сайын күрделене түскен Талғардың уақыт талабына лайық дамуына, көркеюіне өзіндік үлес қосуымен қатар, айрықша ықпал етер басты тұлға – қала әкіміне дұрыс таңдау жасаудың маңыздылығын жүрегімен сезінген.

Талғарда 24 сайлау учаскесі тіркеліп, 41 765 сайлаушының таңғы 7-ден бастап, кешкі 20.00-ге дейін дауыс беруіне бар жағдай жасалды. Талғар қаласының әкімі болуға үміткерлердің сайлауалды бағдарламаларымен танысып, өз таңдауын жасауға алғашқы болып қадам жасаған қала тұрғыны, 56 жастағы Марина Давыдова келді. Ол Талғар медициналық колледжінде орналасқан №840-шы сайлау учаскесіне бес минут ерте келіп, дауыс беру уақыты басталысымен алғашқы болып, қалаған кандидатурасына таңдау жасады.

– Талғар қаласында тұрып жатқаныма он шақты жылдың жүзі болды. Жасыратыны жоқ, қала әкімі жиі ауысады. Бұл мәселе тұрғындарды толғантпай қоймайды. Қаламыздың дамуына, көркейіп-көгеруіне жаны ашитын, соған қажыр-қайратын салатын нағыз іскер әкімнің келуін шын көңілімізбен тіледік. Талғар қаласына үміткерлердің арасында әкім болуға лайық деген азаматқа өз дауысымызды беру үшін келін-балаларымды, немерелерімді де жетектеп келіп отырмын, – дейді №825 сайлау учаскесінде дауыс берген қала тұрғыны Толқын Нұрмұханбетова.

Талғар аудандық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, барлық сайлаушылардың 58 пайызы дауыс беруге келіп, өз таңдауларын жасаған. Талғар қаласының әкімі болуға үміткер үш азаматтың ішінде Қайрат Исабаев 53,5 пайыз дауысқа ие болып, жеңіске жетті. Ал, Абзалбек Сағымбекұлы сайлау қорытындысы бойынша 35,3 пайыз дауысты иемденсе, Ұлан Қызайбекті сайлаушылардың 7,7 пайызы қолдағаны мәлім болды. Сайлаушылардың 1,6 пайызы барлығына қарсы дауыс бергендер санатында.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы