ТАЛДЫҚОРҒАНДА ТАТАР ЭТНОМӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫ ФЕСТИВАЛЬ ҰЙЫМДАСТЫРДЫ

Уақыты: 03.11.2021
Оқылды: 1025
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып Достық үйінде «Бірлігіміз жарасқан» атты Алматы облыстық халықтар достығының фестивалі өтті. Облыстық «Туған тель» татар этномәдени орталығы ұйымдастырған тағылымды шарада түрлі этнос өкілдері бас қосып, ұлттық өнерлерін ұлықтады.

Қоғамдық келісім мен ұлт- аралық толеранттылықты нығайту, түрлі этностардың әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерін сақтауға, ұрпақтар сабақтастығына ықпал етуге бағытталған фестивальде әр этнос өкілі өз тілдерінде ән айтып, ұлттық билерімен тамсандырды. Көрерменге ерекше әсер сыйлағаны бір шаңырақ астына топтасып, бір атаның баласындай сахна төріне шығуы.

– Халқымыздың басты байлығы – бейбітшілік пен келісім. Осындай шараны ұйымдастыру арқылы біз ортақ міндетіміз – ұлтаралық толеранттылықты насихаттау, халықтар арасындағы өзара түсіністік пен достықты дамыту ісіне аз да болса үлес қосамыз, – деді «Туған тель» татар этномәдени орталығының төрағасы Руфина Усанова.

Салтанаты жарасқан шараның тағы бір ерекшелігі ұлттық тағамдар көрмесі, сондай-ақ, татар ұлттық киімдерінің көрсетілімі көрермен көзайымына айналды. Бұл фестиваль түрлі этностардың өздеріне ғана тән салт-дәстүрімен, мәдениетімен таныстырып қана қоймай барлық ұлтты тұтастыққа топтастыруды көздейді. Тағылымы мол шараны ұйымдастырған орталыққа алғыстарын ақтарған славян, орыс, чешен-ингуш, қытай, күрд, поляк мәдени орталықтарының өкілдері құттықтау сөз сөйлеп, фестивальдің жоғары деңгейде өткенін айтты.

Халықтар достығын айшықтайтын шараға белсенді қатысқандар Алғыс хатпен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Соңында ақ дастарқаннан дәм татып, тәтті тілектері мен ақжарма лебіздерін ақтарды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы