АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА АГРОХОЛДИНГ ҚҰРҒАН ЭКС-МИНИСТР ӨМІРДЕН ОЗДЫ

Уақыты: 01.11.2021
Оқылды: 995
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірхан Досмұхамбетов өмірден озды. Қазаға байланысты ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев жеделхатта Темірхан Мыңайдарұлы еліміз үшін еселі еңбек етіп, Қазақстанның саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени дамуына бар күш-қайратын арнағанын атап өтті. "Ол Туризм және спорт министрі, Президент Іс Басқармасының басқарушысы, Елорда әкімі лауазымдарын абыроймен атқарып, іскерлік қабілетін таныта білді. Әрдайым өзіне жүктелген маңызды міндеттерді үлкен жауапкершілікпен орындады. Сондай-ақ, Ұлттық Олимпиада комитетінің жетекшісі ретінде отандық спорт саласының өркендеуіне сіңірген еңбегі өте мол. Соңғы жылдары кәсіпкерлікті жаңа деңгейге көтеруге атсалысып, ауыл шаруашылығын ғылыми тұрғыда дамытуға зор үлес қосты. Әріптестері мен замандастарының ортасында сыйлы болды. Темірхан Мыңайдарұлының жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталады. Марқұмның жаны жаннатта, иманы саламат болсын!" – деп жазылған Мемлекет басшысының жеделхатында.

Айта кетейік, Темірхан Досмұхамедов педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор болды. Марқұм осыдан үш жыл бұрын 70 жасын атап өткен еді. Темірхан Мыңайдарұлы ҚР Жастар істері, туризм және спорт министрі; ҚР Білім және Мәдениет министрлігі Туризм және спорт департаментінің директоры; ҚР Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі Туризм және спорт комитетінің төрағасы; ҚР Президенті Іс басқармасының басшысы, Астана қаласының әкімі; ҚР Туризм және спорт министрі, ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті атқарушы комитетінің мүшесі, президенті; Су спорты федерациясының президенті секілді лауазымдарды абыроймен атқарған. Өмірінің соңғы жылдары агрохолдинг құрып, еліміздің ауылшаруашылығын дамытуға да елеулі үлес қосты.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"