ПЕНЖІМДЕГІ ТӨБЕЛЕС. СЫНҒАН ТЕРЕЗЕ. ӨРТЕНГЕН ҮЙ. ЖӨНДЕЙТІН КІМДЕР?

Уақыты: 02.11.2021
Оқылды: 1327
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Панфилов ауданындағы Пенжім ауылында болған оқиғадан кейін үйлердің материалдық шығыны есептелді.

Панфилов ауданы әкімінің баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сүйенсек, бүгінде 30-дан астам үйдің терезелері толықтай қалпына келтірілген. Барлық шығынды Серік Ақсубаев, Закиржан Кузиев сынды белгілі кәсіпкерлер өтеп береміз деген. Сонымен қоса, терезелері сынған көліктер де қалпына келтіріліп жатыр.

- Тізім бойынша барлық үйдің терезесі қалпына келтірілуде. Осы бағытта жігіттер жұмыс жүргізуде. Бастысы, ел аман, татулық, бірлік болсын, - дейді кәсіпкерлер. Сондай-ақ, оқиға болған күні кездейсоқ өртенген үйге әкімдік аталған кәсіпкерлермен бірлесіп көмек көрсетпекші. Электр сымының тұйықталуынан толықтай өртенген үйді қайта қалпына келтіру жұмысы жүргізіліп жатыр.

Естеріңізде болса 27 қазан күні Пенжім ауылында екі оқушының төбелесінен соң ауыл жастары көшеге шығып, үй терезелерін сындырған еді. Қазіргі уақытта полиция «екі және одан да көп адамның денсаулығына қасақана зиян келтіру» және «бұзақылық» баптары бойынша тергеу жүргізуде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"