ПАРАҚОРЛЫҚ ПЕН МҮЛІКТІ ҰРЛАУ ФАКТІЛЕРІ ӘСКЕРИ САЛАДА ДА КЕЗДЕСЕДІ

Уақыты: 04.11.2021
Оқылды: 1023
Бөлім: КҮНДЕРЕК

2021 жылдың өткен кезеңінде Талдықорған гарнизоны әскери прокуратурасы қызметінің күш-жігері Елбасы мен Президент Жарлықтарынан, тапсырмаларынан, қылмыспен күресу бағдарламаларынан, Бас прокуратураның алқа шешімдері мен салалық бұйрықтарынан туындайтын міндеттерді тиімді әрі уақытылы орындауға жұмсалды. Сондай-ақ, негізгі күш әскери тәртіпті нығайту және әскери бөлімшелерде қатаң жарғылық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағытталды.

Әскери бөлімдер мен мекемелердегі жағдайға жан-жақты талдау жасауға, олардағы заңдылық пен құқықтық тәртіптің барысына әділ баға беруге орай, прокурорлық қызметтің басым бағыттары әскери мүліктің, қару-жарақтың сақталуын қамтамасыз ету, мемлекеттің қаржылық мүддесін қорғау және оған келтірілген залалдың орнын толтыру, сыбайлас жемқорлықпен күрес, әскери қызметшілдердің өмірі мен денсаулығын сақтау жөніндегі заңдарды орындау, олардың конституциялық және әлеуметтік құқықтары мен бостандықтарын қорғау, әскери қызмет туралы заңнаманы талапқа сай қолдану болып табылды.

Осының бәрі, сайып келгенде, әскери прокуратураның белгілі бір дәрежеде оң нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді, дәлел ретінде келесі атқарылған жұмыстарды келтіруге болады.

Мәселен, қару-жарақтың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған әрі соған қатысты заңды қолдануға байланысты мәселелер бойынша жұмыс түбегейлі қайта өзгертілді Атап айтқанда, ағымдағы жылы қадағалаудағы гарнизондардың әскери объектілерінде ағымдық және күрделі жөндеу жұмыстарын жоспарлау, жүргізу және қабылдау заңдылығына тексерістер жүргізілді.

Тексерістер барысында ағымдық және күрделі жөндеу жұмыстарын жоспарлау және қабылдау барысында бұзушылықтарға жол берілгені, олардың нәтижесінде мемлекетке 12,5 миллион теңге шығын келтірілгені анықталды.

Бұл заңбұзушылықтарды жою мақсатында прокурорлық қадағалау актілері енгізіліп, келтірілген шығын мемлекет пайдасына өндірілуде. Осымен бірге, террористік тұрғыдан осал әскери объектілердің қауіпсіздігін тиісті деңгейде сақтау жұмысы біздің тұрақты бақылауымызда.

Парақорлық және мемлекет мүлкінің сақталуына жауапты адамдардың оны ұрлау фактілері әлі де кездеседі. Мұндай келеңсіз жағдайлар және оларды тудыратын себептер түбегейлі жоюды және олардың алдын кесуде нақты әрі қатаң шараларды қолдануды талап етеді. Міне, тап осы проблемалар бізді бүгінгі таңда алаңдатып отыр, соған орай біздің қызметіміз ең алдымен осы мәселелерді шешуге бағытталуда. Осыған орай, әскери органдарда жемқорлықтың алдын алу мақсатында, бізбен қадағалаудағы гарнизондардың сыбайлас жемқорлық тәуекелі паспорты әзірленіп, онда айқындалған іс-шаралардың орындалуы қамтамасыз етілуде.

Жалпы, әскери бөлімдер мен мекемелерде қандай да бір заңбұзушылықтар мен қылмыстарға жол бермеу мақсатында әскери прокуратурамен құқық түсіндіру шаралары жүргізіледі. Сонымен қатар, алдағы уақытта ведомствоаралық және кеңейтілген жедел кеңестер, шалғайда қызмет атқаратын әскери қоғамдастықпен кездесулер өткізу жоспарлануда.

Осы іс-шаралар бірінші кезектегі міндеттерді айқындауға, әскери бөлімдер мен мекемелердегі заңдылық жағдайын және қылмыстылық ахуалын сауықтыруға жол ашады.

Сөзімнің соңында, әскери прокуратура қызметкерлерін Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған Прокуратураның 30 жылдығымен құттықтап, мықты денсаулық, бақыт, әскердегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту жөніндегі жауапты қызметінде табыс тілеймін!

Алиярхан РҮСТЕМБАЕВ,

Талдықорған гарнизоны әскери прокурорының орынбасары, әділет подполковинигі

Алматы облысы