ІНДЕТ ЖҰҚТЫРҒАН ТАҒЫ БІР ЖҮКТІ ӘЙЕЛ АМАН-ЕСЕН БОСАНЫП, ҮЙІНЕ ҚАЙТТЫ

Уақыты: 07.11.2021
Оқылды: 910
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Іле ауданында өкпесі 90 пайыз зақымданған тағы бір жүкті әйел ауруханадан сауығып шықты.

Емдеу экстракорпоралды мембраналық оксигенацияны қолдану арқылы өтті. Өкпесі 90 пайыз зақымданған жүкті әйел COVID-19 диагнозымен Іле аудандық орталық ауруханасына түскен.

Аурухана директоры Бауыржан Ысқақ әйелдің өмірін ЭКМО аппаратының көмегімен аман алып қалғанын айтты. «9 тамызда 38-39 апта жүктілік мерзімі бар 27 жастағы әйел өте ауыр халде түсті. Оған шұғыл операция жасап, бала аман-есен туылды. Бірақ әйелдің жағдайы нашарлады, қанды оттегімен байыту үшін науқасты ЭКМО аппаратына қосуға тура келді. 31 күннен кейін әйел өз бетінше дем ала алды», - деді аурухана басшысы.

Төрт баланың анасы Баянсұлу Амангелдиева жансақтау бөлімінің көмегімен қайтадан өз бетінше дем алып, қозғалатын халге жеткен. «Мен 47 күн реанимацияда жаттым. Сол кездегі бар арманым балаларымды қайтадан көру болды. Ауырмай тұрып қоғамдық орында жүргенде бетперде кимейтінмін, ол кезде бетпердемен ауа жетпейтін сияқты көрінген еді. Індет жұқтырып, дем жетпей, тынысым тарылған кезде, сақтық шараларын сақтамағаныма өкіндім. Өзімнің бейқамдығым салдарынан ауруханаға түсіп, туыстарым мен дәрігерлерді әуре-сарсаңға салдым. Бүгінде құлан-таза айығып, отбасыма оралдым. Барын салып, мені емдеп шыққан ақ халаттыларға алғысым шексіз», - дейді ол.

Айта кетейік, науқас ауруханада 58 күн бойы ем алған. Оның 47 күнін реанимацияда өткізген. Одан бөлек, Іле ауданындық ауруханасының дәрігерлері өкпесі 80% қабынған 5 жүкті әйелді індеттен аман алып шыққан.