АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ЖҮК ТИЕГІШКЕ ОТЫРЫП АЛҒАН ӘЙЕЛ ЖАЙЛЫ АЙТТЫ

Уақыты: 11.11.2021
Оқылды: 1395
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ Кербұлақ ауданында жүк тиегіштің күрегіне отырып алған әйелдің видеосына қатысты түсінік берді. Бұл туралы сұрақ Орталық коммуникациялар алаңында қойылды.

«Сарыөзекте әйел адамның жүк тиегіштің күрегіне мініп алған видеоға тоқталсам, кейіннен бұл жағдайды «Алматы облысында көмір тапшылығынан адамдар осындайға барып жатыр» деп таратты. Осы оқиғаның мән-жайын егжей-тегжейлі анықтадым. Аталған әйел ол жерде бұрыннан жұмыс істейді екен, бизнеспен айналысады. Оның үш жүк көлігі бар және сол жерден алған көмірге ақшаны үстемелеп қосып, тұрғындарға қайта сатады», - деді А.Баталов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Осы орайда ол салық органдары мен полицияға тиісті тапсырма бергенін айтты. Олар көмірді алып-сатумен айналасып, осылай табыс жасап жүр. «Нәтижесінде, көмір тапшы деп көрсетті. Сол күні бізде 10 вагон жүкті түсіруге келді, ал 20-сы жақындап қалған еді. Бізде әр вагон нөмірленген, әкімдік адамдары оны ерекше бақылауда ұстап тұр», - деді облыс әкімі.

Еске сала кетейік, Кербұлақ ауданында көмір алуға келіп, жүк тиегіштің күрегіне мініп алған әйелдің видеосы желіге тараған болатын. Ол көмірді жүк көлігінің бортына төгіп жатқанда да тиегіштен түспеген.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"