АРМАНДА, ӨМІРДІ СҮЙ! МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАРДЫҢ ТЕЛЕБАҒДАРЛАМАСЫ

Уақыты: 15.11.2021
Оқылды: 1084
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Айгүл Өкенова жетекшілік ететін "Baby Day" қоғамдық бірлестігінің «Рухы мықты» атты жобасы үш жыл бойы талай қамкөңіл жанның арманын жүзеге асырып, жүрегіне сенім ұялатып келеді.

Аталған жоба мүмкіндігі шектеулі жандардың арман-тілегін ескеріп, оны қоғамға паш етуді мақсат етеді. Сол бағытта түрлі тақырыпта бағдарлама түсіріліп, олардың арманын, үмітін, табандылығын, жетістігін насихаттап, он екі мүшесі сау адамдар сияқты қоғамға өзіндік үлес қоса алатындығын ұғындырып, шабыт беруде.

Аталған бағдарлама екі аптада бір рет, сенбі күні кешкі 20.20-да «Жетісу» телеарнасының эфирінен көрсетіледі. Айта кетерлігі, «Рухы мықты» (Сильные духом) түсірілімінің журналисі, жүргізушісі де мүмкіндігі шектеулі жандар. Олар 2019 жылдың 1 шілдесінен бүгінге дейін сан түрлі тақырыпта 38 бағдарлама түсіріп, көрермен назарына ұсынды. Осы арқылы өздерінің өміршең талпынысын көпшілік алдында дәлелдеді.

Бағдарламаның негізгі продюсері "Baby Day" коғамдық бірлестігінің жетекшісі Айгүл Абайқызы, ал операторы Дмитрий Дрюков. Аталған бағдарламаның алғашқы түсірілім жұмысын жүргізіп, эфирде көрсету, журналистер мен жүргізушілерге бағыт-бағдар беріп, оларды үнемі шабыттандыруда Сергей Юдин мен Огай Стелла және «Жетісу» телеарнасының жүргізушілері Антон Хатиновский мен Радима Боранбаева көп қолдау танытты. Қазір олардың тәрбиесінен өткен қыздар мен жігіттер бағдарламаны өздері дайындауға әбден машықтанып алды. Бүгінде бағдарламаның сценарийін жазып, түсірілім жұмысына тікелей араласатын жас журналисі, жүргізушілер  Алмагүл Чубинская ІІ топтағы, Сергей Миньков І топтағы мүгедек.

"Baby Day" қоғамдық бірлестігі «Рухы мықты» атты телевизиялық жобаны жүргізумен қатар мүмкіндігі шектеулі талай жанның мүмкін болмайтын арманын орындауға да барынша назар аударды. Олардың кезекті түсірілім барысындағы кейіпкері І топтағы мүгедек жас Нұрсұлтан Нұрмұхаметов әскерге баруды қатты армандап жүргенін жеткізеді.

Мұндай жандардың әскери борышын өтеуі заңда қарастырылмаған. Десе де, бірлестік жетекшісі мен түсірілім тобы әскери бөлім басшылығымен сөйлесіп, Нұрсұлтанды Талдықорған қаласындағы 18404 әскери бөлімде екі сағат экскурсия жасатып, әскерилермен қатар сапқа тұрғызып, әскери киім кигізіп, өмірлік арманын орындауға мұрындық болды. Мұндай жағдай елімізде бірінші рет болып отыр. Айта берсек, мүмкіндігі шектеулі жандардың талай арманы өз деңгейінде орындалды.

Расында, тағдыр – Алланың адамға берген сыйы. Ең бастысы, сол сыйды ризашылықпен қабылдап, берілген мүмкіндіктерді толық пайдалану керек. «Рухы мықты» жобасы алдағы уақытта да осы мақсатта жұмыс істейтін болады.

Қажет АНДАС

Алматы облысы