ЕСКЕЛДІ АУДАНЫНА ТҰҢҒЫШ РЕТ СӘТБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНЕН ҒАЛЫМДАР КЕЛДІ

Уақыты: 17.11.2021
Оқылды: 1312
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің делегациясы Ескелді ауданына келіп, мектеп оқушыларымен кездесті. Алдымен аудандық әкімдіктің мәжіліс залында ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылып, жиынға қатысқан мектеп директорларына үздік оқу орнының артықшылықтары айтылды. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Аудан әкімі Рустам Әли делегацияны бастап келген Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Бақыт Жәутіковке алғысын жеткізіп, жұмыстарына сәттілік тіледі.

– Қазіргі таңда техникалық мамандықтарға сұраныс көп. Біздің ауданда аты әлемге әйгілі ғалым, Екпінді ауылының тумасы, химия ғылымының докторы Еділ Ерғожин өмірге келген. Сондықтан, осы өңірде техника ғылымы дамуы тиіс. Жастардың қызығушылығы басым, сол себепті олар еліміздің үздік оқу орнында білім алсын деген ниетпен университет ректорына ұсыныс айтып едік, ол кісі қуана-қуана қолдады, – деген Рустам Әлиұлы бұл кездесу түлектер үшін таптырмас мүмкіндік екенін айтты.

Келесі кезекте сөз алған Бақыт Ахатұлы университет осы уақытқа дейін облыс әкімдіктерімен қарым-қатынаста болып келгенін, аудандармен ең алғашқы байланыс Ескелді өңірінен басталғандығын баяндай келе:

– Қазақстандағы ең көне және алдыңғы қатарлы техникалық университет сексен жылдан астам тарихы бар әйгілі жоғары оқу орны. Ол Қазақстандағы техникалық білім беру ісінің көшбасшысы болып табылады. Қазір университет дүние жүзі бойынша 25 елдің жетекші 174 жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық қарым-қатынас жасайды. Халықаралық және ұлттық рейтингтерде алдыңғы қатарда, – деді.

Студенттерге жасалып жатқан әлеуметтік жағдай, олардың қарым-қабілеттерін жетілдіру үшін атқарылып жатқан ауқымды жобалар жайлы университеттің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Мансұр Әлімханов толыққанды айтып берді. Әрмен қарай ауданға арнайы келген делегация Қарабұлақ, Жетісу және Сырымбет ауылдарының мектеп оқушыларымен кездесті. Сонымен қатар, «Хильниченко және К» серіктестігінің және бөдене өсіру зауытының жұмысымен танысты.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Ескелді ауданы

Алматы облысы