БАТПАҚҚА БАТҚАН. ТАЛДЫҚОРҒАН - ҮШТӨБЕ АВТОЖОЛЫНДАҒЫ ҚАЙҒЫЛЫ ЖАҒДАЙ

Уақыты: 16.11.2021
Оқылды: 1076
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған - Үштөбе тасжолында болған жол апатынан бір отбасының үш мүшесі қаза тапты.

Алдымен желіде: «14 қарашада «Skoda Superb» автомобилімен үш адам жоғалып кетті. Алматыдан Үштөбе қаласына жолға шыққан. Сағат 19:00-де Талдықорған аркасынан өткеннен кейін байланысқа шықпаған», - делінген ақпарат тарады. Кейінірек көліктің Үштөбеге бара жатқан жолда аударылған күйі батпақты су тоғанынан табылғаны хабарланды.

Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 15 қарашада Талдықорған қалалық полиция бөліміне 27 жастағы Қаратал ауданының тұрғыны 14 қараша сағат 17.00 шамасында «Skoda Superb» маркалы көлікпен ата-анасы мен әпкесі жолға шығып кетіп, із-түзсіз жоғалғанын айтқан.

«Сол күні полиция қызметкерлері «Талдықорған-Үштөбе» тасжолынан аударылған «Skoda Superb» көлігін тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, 60 жастағы жүргізуші рульді игере алмай, аударылған. Жол апаты салдарынан жүргізуші мен ондағы 47 және 19 жастағы жолаушылар оқиға орнында мерт болған. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы, 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталуда», - деді Алматы облыстық полиция департаменті өкілдері.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"