ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ: ЕКІ МИЛЛИАРД АҒАШ ҚАЙ ЖЕРГЕ ОТЫРҒЫЗЫЛАДЫ?

Уақыты: 18.11.2021
Оқылды: 1007
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«JETІSÝ MEDIA» ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен өткен брифингте Мемлекет басшысының 2 млрд.түп ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында облыста атқарылып жатқан жұмыстар сөз болды. Бұл туралы Алматы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрқуат ҚОНЫСБАЕВ баяндады.

Оның айтуынша, бүгінде облыстың мемлекеттік орман қоры жерлерінің жалпы аумағы 5,4 млн.гектарды және облыс аумағының 24,1 пайызын құрайды. Орманмен көмкерілген жер көлемі 2 млн.гектар болып, 8,3 пайызды иелейді. Орманды жерлердің басым бөлігі Кеген және Балқаш аудандары аумағына тиесілі. Бұл негізі қылқан жапырақты және сексеуілді ормандар санатында.

Президенттің тапсырмасын іске асыру барысында облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы облыс әкімдігі және табиғат қорғау мекемелерімен бірлесіп, 2021-2025 жылдарға арналған орманды молайту және орман өсіру көлемін ұлғайту бойынша кешенді жоспар әзірледі. Аталған жоба шеңберінде орман отырғызу облыс әкімдігі, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың және басқа да бастамашыл топтардың күшімен жүзеге асырылуда. Бұл іс-шаралар орман орналастыру құжаттарына және орман молықтыру талаптарына сәйкес жобаланған.

Кешенді жоспарға сәйкес 5 жыл ішінде 83 млн.дана ағаштың 71 млн.данасын тұқым себу арқылы, 12 млн.данасын көшет отырғызу арқылы құру жобаланған. Атап айтар болсақ, 3 млн.193 мың дана Шренк шыршасы, 308 мың дана қарағай, 237,3 мың дана терек, 95 мың дана қайың, 4 млн. 544 мың дана қарағаш, 621,4 мың дана жиде, 234,2 мың дана тал, 540,83 мың дана өрік, 826 мың дана Сиверс алмасы, 71 млн.дана сексеуіл отырғызылады. Сонымен қатар, тұқымбақтарға және орман екпесін құру үшін себуге тұрақты орман тұқым учаскелерінен 140 мың келі орман тұқымын жинау жоспарлануда.

Кешенді жоспарды жүзеге асыру үшін жобалау-іздестіру жұмыстарына (топырақты зерттеу үшін) республикалық бюджеттен 1 млрд.78 мың теңге, жергілікті бюджеттен ағаш отырғызу көлемін орындауға және талапқа сай келетін техника мен құралдар алуға 3 млрд.330 млн.теңге бөлу қарастырылған. Аталған қаржыландыру шеңберінде 9 трактор, 9 жүк көлігі, 4 көшет отырғызу машинасы, 9 вагон алу жоспарланған.

Әрине, бұл ауқымды істі жүзеге асыру көп күшті талап етеді. Сондықтан жобаны облыс әкімдігіне қарасты 14 орман шаруашылығы мекемесі, 3 МҰТП, 1 МТР, 1 МДП және 1 селекциалық-тұқым өсіру орталығы бірлесе отырып орындайды. Жоғарыда аталған мекемелерде орманды молықтыру жұмысын орындауға қажетті стандартты отырғызу материалдарымен қамтамасыз ететін 30 дана орман тұқымбағы бар.

Биыл орман тұқым учаскелерінен 154,8 келі шырша, 660,0 келі жабайы өрік, 1813,0 келі қарағаш,194,0 келі алма, 90,0 келі емен, 229,0 келе жиде, 21466,0 келі қара сексеуіл тұқымы жиналыпты.

Әрине, орманды отырғызумен бірге оны күтіп-баптау ісі де өзекті. Спикерлердің айтуынша, биыл отырғызылған орман көшеттерінің 70 пайызы жерсіндірілген. Бұл - үлкен көрсеткіш. Аталған жұмыс алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.

Қажет АНДАС

Алматы облысы