АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА "30 ЖЫЛ. 30 ТҰЛҒА" АТТЫ БІЛІМ БАЙҚАУЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 23.11.2021
Оқылды: 1262
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы мен Көксу аудандық филиалының жанынан құрылған жастар кеңесі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «30 жыл. 30 тұлға» тақырыбындағы білім бәйгесін ұйымдастырды.

Шара Көксу ауданының тыныс-тіршілігі мен даму барысын көрсеткен бейнебаянды тамашалаудан басталды. Білім бәсекесіне аудандық, қалалық кәсіподақ филиалдарынан 10 команда қатысты. 18-35 жас аралығындағы ұстаздардың басын қосқан шара қазақ елінің іргесін қалаған хандардан бастап, тәуелсіздік алған жылдардағы маңызды оқиғаларға негізделді.

Жастар сайысын облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Мэлс Төлепбергенов ашып, барша кәсіподақ мүшелерін Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтады. Халқымыз үшін тәуелсіздіктің баға жетпес бақыт екенін айта келіп, егеменді елдің ұстаздары ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, жаңашылдыққа да бейім болу керектігін еске салып, бүгінгі байқауда дәл осындай білімді, білікті ұстаздар анықталатынын алға тартты.

Келесі кезекте сөз алған ардагер ұстаз Сағымбала Құлсейітқызы елімізді алға сүйреп, Қазақстанды биікке жетелейтін жан-жақты дарынды, білімді тұлғалар екенін жеткізіп, осы ретте жас ұрпақты тәрбиелейтін педагогтардың қоғам алдындағы жауапкершілігінің зор екендігіне тоқталды. Білім бәйгесіне  қатысушы ұстаздарға сәттілік тіледі.

«30 жыл. 30 тұлға» атты білім сайысында қатысушылар «Отыз тұлға», «Квест ойыны», «Жылдар сөйлейді» кезеңдерінде өзара бақтарын сынады. Алғашқы кезеңде ұстаздар экранда берілген ұяшықтарды таңдап, қазақ зиялыларының өмірі мен шығармашылығына байланысты қойылған сұрақтарға жауап берді. Таңдаған ұяшықтардың деңгейіне  қарай 10, 20, 30 ұпай еншіледі. Ал квест ойынында қазақ, орыс, ағылшын тілінде берілген тапсырмаларды рет-ретімен тауып, QR-код арқылы басты құндылық болып табылатын тарихи кітаптарды анықтады.

Осылайша, жастардың ойлау қабілеті мен тапқырлықтары сыналды. Соңғы кезең Тәуелсіздік жылдарындағы маңызды оқиғаларға бағытталды. Берілген жылдардағы маңызды оқиғаларды ашып көрсетті. 

Шара барысында Көксу ауданының жастары өнерлерін көрсетіп, патриоттық әндер шырқады. Кәсіподақ ұйымының төрағасы Мэлс Төлепбергенов бастаған, тәжірибелі ұстаздар С.Төкенова, М.Төлекенов, Г.Ахметова, Ж.Әбішева қатарын толықтырған әділқазылар алқасы ұстаздар білімін бағалады. 

Көксу ауданы, Жалайыри атындағы орта мектеп-гимназияның директоры Мұратбек Төлекенов қазылар алқасының атынан сөз сөйлеп, шараның өту барысына баға берді. Ұстаздардың білім деңгейін жоғары бағалап, белсенділік танытқан кәсіподақ мүшелеріне алғысын білдірді.

Жүзден жүйрік шыққан Панфилов ауданы, Керімағаш Арасан орта мектебінің мұғалімі Еламан Сайранұлы мен Нәдек орта мектебінің мұғалімі Шолпан Нажимова І орынды жеңіп алды. Сарқан ауданы, Алмалы орта мектебінің мұғалімі Дархан Мұратұлы мен Н.Островский мектеп-лицейінің мұғалімі Жолболды Сәйдіқапарұлы ІІ орынды еншіледі. Еңбекшіқазақ ауданы, Д.Қонаев атындағы орта мектебінің мұғалімдері Жанар Есіркегенова, Нафиса Тұрлыбаева  ІІІ орынды  иеленді.

Жеңімпаздарға облыстық кәсіподақ ұйымының дипломдары, Көксу аудандық филиалының қаржылай сыйлығы мен арнайы сертификаттары табыс етілді. Белсене қатысқан ұстаздар Алғыс хат, ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

Шара соңында аудандар мен қалалардан жиналған білім саласының қызметкерлері екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Нұрмолда Алдабергеновтің басына барып, Құран бағыштады.

Алма ЕСЕНБАЙ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан