АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА КЕШЕ БІРНЕШЕ АДАМ ҚАР ҚҰРСАУЫНДА ҚАЛЫП ҚОЙДЫ

Уақыты: 21.11.2021
Оқылды: 1190
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Кеше Алматы облысында бірнеше адам қар құрсауында қалып қойды. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облысының төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

2021 жылғы 20 қарашада құтқарушылар адамдарды қар құрсауынан эвакуациялау бойынша авариялық-құтқару жұмыстарына 3 рет шықты. Алғашқы қоңырау сағат 16.30-да келіп түсті. Анықталғанындай, Алакөл ауданы "Үшарал-Достық" автожолының Жалаңашкөл учаскесінде қар құрсауында жеңіл автокөлік тұрып қалған және онда 3 адам, оның біреуі бала екендігі хабарланды.

Шақыру орнына Достық станциясынан №20 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері шықты. Оқиға орнына келген бойда Шығыс Қазақстан бағытынан келе жатқан "Toyota Camry" маркалы автокөлігі өздігінен қар құрсауынан шыққаны анықталды, аталған көлік төтенше жағдай қызметкерлерінің ертіп жүруімен Достық станциясына дейін жеткізілді.

Екінші шақырту сағат 17.40-та тағы да Алакөл ауданынан келіп түсті. Онда Көктұма ауылынан 15 шақырым жерде Алакөл көлінің жағалауында қар құрсауында трактор көлігі тұрып қалып, салонда 2 адам бар екендігі хабарланды. Шақыру орнына Ақши ауылынан Алакөл өңірінің жедел-құтқару жасағының құтқарушылары шықты. Сағат 20.25-те екі ересек адам Көктұма ауылына эвакуацияланды.

Үшінші шақыру сағат 18.20-да түсті. Кербұлақ ауданында Қоянкөз ауылынан 30 шақырым жерде, Жүзасу учаскесінде, таулы жерде, ауыл жолында "Toyota Hilux" маркалы жол талғамайтын көлік қар құрсауында қалып қойғаны белгілі болды. Салонда 4 ересек адам бар екендігі хабарланды. Сағат 23.30-да Сарыөзек ауылының №19 өрт сөндіру бөлімі қызметкерлерінің күшімен осы автокөліктен барлық жолаушылар шаруа қожалығының аумағына эвакуацияланды.

Эвакуацияланғандардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ және медициналық көмекке мұқтаж болмады. Естеріңізге сала кетейік, төтенше жағдай қызметі кеше Үшарал-Достық автожолы жабылғаны туралы, сондай-ақ, облыс аумағында ұйытқыған жел соғатыны жайлы ескерткен еді.

Өз кезегінде Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті азаматтарға қыста алыс жолға шығар алдында міндетті түрде ауа райы болжамымен танысуды, 112 қызметінің СМС-хабарламаларын мұқият оқуды және төтенше жағдайда сізге көмектесе алатын барлық қажетті заттарды бірге алып жүру қажеттігін ескертеді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"