ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ КАРАНТИН ТАЛАБЫН БҰЗҒАНДАРҒА 273 ХАТТАМА ТОЛТЫРЫЛҒАН

Уақыты: 22.11.2021
Оқылды: 911
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысында мониторингтік топтардың жұмыс нәтижесі жарияланды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Алматы облысының аумағында коронавирустық инфекцияның алдын алу, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында карантин кезеңінде қызметін жүзеге асыратын объектілердің эпидемияға қарсы режимді сақтауын бақылау үшін мониторингтік топтар құрылғаны белгілі.

Облыста құрылған 268 мониторингтік топтың құрамына жергілікті атқарушы органдар, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы, құқық қорғау органдары мен БАҚ өкілдері кіреді.

2021 жылдың 1 қаңтарынан 22 қарашаға дейін мониторингтік топ мүшелері 34 875 рейд жүргізді, 178 780 нысанды тексеріп, заңбұзушылықтары бар 1450 объектіні анықтады. Карантин талабын бұзған нысан басшыларымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ескертулер жасалды.

Тексеру материалдары бойынша 92 472 220 теңге сомасына 840 объектіге әкімшілік жаза қолданылды, оның ішінде, қоғамдық тамақтану объектілерінде және көңіл көтеру орындарында 273 хаттама толтырылған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"