ЖАМБЫЛ АУДАНЫНДА СУ БӨГЕТІ БҰЗЫЛДЫ. ЕЛДІ МЕКЕНДЕРГЕ ҚАУІП БАР МА?

Уақыты: 22.11.2021
Оқылды: 1487
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жамбыл ауданының Мыңбаев ауылы маңында Книжевского су қоймасы бөгетінде сызат пайда болды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді.

Су Қарғалы өзенінің арнасымен ағып жатыр, одан әрі Іле ауданының Күрті су қоймасына құяды (толтыру пайызы – 14 пайыз, жобалық көлемі - 120 миллион текше метр). Оқиға салдарынан қаза болғандар мен зардап шеккендер, сондай-ақ, тұрғын үйлерді су басу қаупі жоқ. Облыстық маңызы бар «Мыңбаев-Қасымбек» автожолын су басу фактісі бар. Полиция қызметкерлері қозғалысты шектеу бойынша бекеттер қойды. Аққан судың көлемі төмендеуде. Қарғалы өзенінің арнасы бойынша бақылау жүргізілуде, қазіргі уақытта елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ.

Оқиға орнында Алматы облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығы бастаған мамандар жұмыс істеуде. Қазіргі кезде төтенше жағдайды жою штабы құрылған.

Қазіргі мәліметке сәйкес, аққан су деңгейі төмендеген. Жамбыл аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғаныс подполковнигі Айбек Жанаев су ені 4 метр болатын жырық арқылы ағып жатқанын жеткізді. Ағып жатқан судың көлемі 5-6 текше метрді құрайды. Сонымен қатар, облыстық жолдан тереңдігі 5 сантиметр, ал ені 30 метр көлемінде су асып төгілуде. Құрылыс нысандарына да ешқандай қатер байқалмайды. Ахуал тұрақты, су төмендеп, баяу ағуда.

Бөгеттегі ақаудың салдарынан иттерді ұстайтын орынға су кірген. Су басқан жерден 150 ит қауіпсіз жерге көшірілді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"