ШАМАЛҒАНДА ҒАЛЫМДАР БАС ҚОСЫП, ЕЛБАСЫ ТУРАЛЫ БАЯНДАМА ЖАСАДЫ

Уақыты: 23.11.2021
Оқылды: 1274
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қарасай ауданына қарасты Шамалған ауылында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының ұйымдастыруымен «Елбасының тәуелсіз Қазақстанды құрудағы дара жолы» атты республикалық конференция өтті.

Алқалы жиынды ашып, жүргізіп отырған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев егемен Қазақстанның іргетасын қалаудағы Нұрсұлтан Назарбаевтың атқарған еңбегін зерделеудің маңыздылығына тоқталып, еліміздің осы жылдар ішіндегі жетістіктерін тілге тиек етті.

Басқосуға келген қонақтарды Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Дулат Сансызбаев пен «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Қаныбек Айтжановтар құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Конференцияда алғашқы болып сөз алған филология ғылымдарының докторы, профессор, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Темірхан Тебегенов «Елбасы – мәңгілік ел дамуы жолының көшбасшысы» тақырыбында баяндама жасап, Қазақстанның әлем өркениеті кеңістігінде танымал мемлекет аталуына Елбасының қосқан үлесіне тоқталды.

Тарих ғылымдарының докторы, ҚР Ғылым және білім министрлігінің жанындағы тарих институтының профессоры Еркін Әбілдің «Тарихи сананы қалыптастырудағы қазіргі Қазақстан тарихының алатын орны» атты баяндамасы да тыңдарман қауымды бейжай қалдырмағаны анық. Ал тарих ғылымдарының докторы, ҚР Президенті жанындағы архив директорының орынбасары Қайрат Әлімғазинов ресми құжаттардағы деректерді келтіре отырып Елбасының әлем саясаткерлері арасындағы абырой-беделі жайлы айтты.

Филология ғылымдарының докторы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Нұрдәулет Ақыш «Елбасы Жолдауларындағы патриоттық рух көріністері» тақырыбындағы баяндамасында бұл Жолдаулардың халықтың рухын көтеріп, ұлы істерге қанаттандыратын тұстарына ерекше назар аударды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкері Ләйлә Омарова болса «Елбасытану» элективті курсының ұйымдастырылуы» атты баяндамасында кітапханада жинақталған құнды материалдар арқылы бірегей тұлғаны тану мәселелеріне тоқталды. Мұнда Нұрсұлтан Әбішұлының өмірі мен қызмет жолын зерттеу бойынша кітапханада жүргізілген жұмыстар кеңінен сөз болды.

Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Әуезхан Шашаев «Рухани жаңғыру аясындағы Қазақстанның киелі жерлері географиясы» атты баяндамасында осы жобаға енгізілген нысандарға жан-жақты талдау жасап берсе, Теміртау қаласындағы «Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының» бөлім басшысы Үрзада Есмұрзаева «Рухани жаңғыру – саяси және экономикалық жаңғырулардың өзегі» деген баяндамасында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» мақалалары аясында атқарылған істерге талдау жасады.

Одан кейін мінберге көтерілген Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің бөлім меңгерушісі Ералы Шоқай «Елбасы ескерткіштерді қорғаудың ерен үлгісін ұсынды» атты баяндамасында Отырар қаласы жайлы айта келіп, Нұрсұлтан Назарбаевтың ата-бабаларымыз аңсаған тәуелсіз ел тарихына жаңа серпін берген бастамалары мен игі жұмыстары жайында тереңнен толғады.

Конференция аяқталғаннан кейін мәртебелі меймандар Қарасай ауданындағы «Анаға құрмет» мұражайы мен «Батыр бабалар» мемориалдық ескерткішіне барып, ата-бабалар рухына тағзым жасады.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы

Алматы облысы