АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА БЕЙСЕН ҚҰРАНБЕК АТЫНДАҒЫ ОНЛАЙН КУРС ӨТІП ЖАТЫР

Уақыты: 23.11.2021
Оқылды: 1224
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Белгілі журналист Бейсен Құранбек атындағы курс басталып, журналистиканың әр саласы бойынша дәрістер берілуде. Осы уақытқа дейін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан «Жігер» сыйлығы тағайындалса, биыл облыс әкімінің «Самғау» жүлдесіне арнайы номинация енгізілді. Бұдан бөлек, спорттық шаралар, педагогтар мен оқушылар арасында олимпиадалар өтіп жүр.

Қоғам қайраткерінің есімін ел жадынан өшірмеу, мұрасын сақтап қалу, журналистердің білік, білімін жетілдіру  мақсатында дәрісті журналистикаға еңбегі сіңген, қазаққа белгілі тұлғалар оқуда. 11 күн бойы өтетін курста 11 тақырып қамтылады. Үш тақырып бойынша курс тәмамдалды.

«Жетісу» телеарнасы директоры Серік Әбікен телеарнаның қыры мен сыры, жанрдың қалыптасуы, журналистік стиль, дикция туралы дәріс оқыса, директордың орынбасары Досан Атантелов «Әлеуметтік журналистика» тақырыбында тәжірибесімен бөлісті. Үшінші болып курс өткізген Түркия мемлекетінің Анкара қаласындағы Хаджи Байрам Вели университетінің магистрі Жансая Биқұрман Түркия мен Қазақстанның БАҚ саласындағы ұқсастықтары мен өзгерістері жайына кеңінен тоқталды.

«Zoom» бағдарламасы арқылы өткен курсқа 11-сынып оқушылары, студенттер, журналистикада еңбек етіп жүрген мамандар қатысты. Ерекшелігі сол, курс барысында қатысушылар арасында арнайы конкурс өтеді. Оларға әр өткен сабақ туралы тапсырмалар беріледі. Курс соңында ең жақсы мақала жазып, журналистикаға икемі бар бір қатысушы газеттен немесе телеарнадан бір айлық тәжірибеден өтеді. Ол үшін ақы төлеу жағы да қарастырылған. Сонымен қатар, қатысушылар сұрақ-жауап кезеңінде өздерін толғандырып жүрген сауалдарына жауап алып, ұсыныс-пікірлерін жеткізе алады.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы