АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА БАЛА ЕМІЗЕТІН 264 ӘЙЕЛ ВАКЦИНА САЛДЫРЫП АЛДЫ

Уақыты: 27.11.2021
Оқылды: 1190
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысында он шақты күннің ішінде бала емізіп жүрген 264 ана Pfizer екпесін салдырды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Алматы облысында 15 қарашадан бастап 12-18 жас аралығындағы жасөспірімдер, жүкті және бала емізетін әйелдер арасында вакцинация жұмысы басталды. Облысқа барлығы 46 800 доза "Комирнати" вакцинасы келіп түсті. Бүгінгі таңда вакцинацияланған тиісті контингент саны - 1 980 адам. Оның ішінде, 1673 жасөспірім, 43 жүкті әйел және лактация кезеңінде 264 әйел екпе алды.

Жасөспірімдерді вакциналау тек ата-аналарының немесе заңды өкілдердің келісімімен жүзеге асырылатынын ескертеміз. Алматы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті таратқан хабарламаға сәйкес, Алматы облысы халықты вакциналаумен қамту деңгейі бойынша республикада алдыңғы қатарда тұр.

Бүгінгі күні өңірде вакцинаның алғашқы дозасын алғандар саны 851 429 адамға жетті, бұл 71 пайызды құрайды. Толық курстан өткендердің саны – 778 939 азамат немесе бұл иммундауға жататын ересек тұрғындардың 65 пайызы деген сөз. Қазіргі уақытта облыста «Спутник V», «QazVac» және «Sinopharm» вакцинасы бар.

Айта кету керек, Ақсу және Балқаш ауданының тұрғындары короновирустық инфекцияға қарсы 100 пайыз егілген. Өңірде вакцинация жұмыстары алгоритмге сәйкес жүргізілуде. Облыс бойынша 318 егу пункті ашылды, оның ішінде 76-сы – жылжымалы, 71-і мобильді бригада және 17 жылжымалы медициналық кешен ұйымдастырылған. Облыс бойынша мектеп қабырғасында 338 егу кабинеті жұмыс істейді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"