ПАНФИЛОВШЫЛАР ЕРЛІГІНЕ - 80 ЖЫЛ! САРЫӨЗЕКТЕ ӨТКЕН АШЫҚ САБАҚ

Уақыты: 28.11.2021
Оқылды: 1318
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Сарыөзек гарнизонындағы Кербұлақ ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің ұйымдастыруымен Күреңбелдің кадет сыныптарына аты аңызға айналған «Панфиловшылар дивизиясының Волоколомск тас жолын беріспей қорғағанына - 80 жыл» тақырыбында ерлік сабағы өткізілді.

Өткізілген іс-шараға Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің және Ауған соғысының ардагері, Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы, отставкадағы майор Шерғали Нұрғалиев және аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім қызметкерлері, Күреңбел мектебінің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі Бейісбай Сартаев және мектеп оқушылары қатысты.

Жиын басында қатысушыларға шараның мағынасы түсіндіріліп, гвардияның ұрыс қимылдары, панфиловшылар дивизиясының өмір жолынан мәлімет беріліп, олар жайында әңгіме өрбітілді.

Кездесу барысында оқушылар тақырыпқа сай жан-жақты сұрақтар қойып, тиісті жауаптарын алды. Панфиловшылар туралы айтқан оқиғаларды ұйып тыңдап, бойларына жақсы әсер қалдырды. Одан басқа, әскери қызметшілер сынып тақтасына слайдтық экран орнатып, батыр панфиловшылардың өмір жолы мен Отан соғысындағы жасаған ерліктері туралы көрсетілім ұйымдастырды.

Оқушылар батыр панфиловшылар дивизиясының ерліктерін, гвардия шайқасын көрді.

– Ата-бабаларымыздың ел қорғаудағы еңбегі мен ерліктерін ұмытпауымыз керек. Осыған орай, бүгінгі жас ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу - жеке тұлға талабы, қоғам қажеттілігі. Өткізілген іс-шара жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің негізгі идеяларының бірі саналады, – деп түсіндірді шараны ұйымдастырушы, капитан Сабыржан Нәлібаев.

Егеменді еліміздің жарқын болашағы болар жас ұрпаққа терең, мазмұнды білім беру мен ұлтын сүйер патриот азамат етіп тәрбиелеу – бүгінгі алға қойылған басты міндеттердің бірі.

Абзал САРТАЕВ,

Сарыөзек гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы, майор

Алматы облысы