ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ БАЛАЛАРЫ ЖАРКЕНТТЕГІ ДАҢҚ МУЗЕЙІН АРАЛАДЫ

Уақыты: 28.11.2021
Оқылды: 1182
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жаркент гарнизонында орналасқан барлаушылар полкіндегі әскери қызметшілердің балалары Жауынгерлік даңқ мұражайымен танысты.

Мемлекет басшысы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауында басты міндет – жалпы адамзатқа ортақ қастерлі құндылықтарды жастардың бойына сіңіру, отансүйгіштік пен ұлтжандылыққа тәрбиелеу екенін айтқан болатын.

Осы мақсатта Жаркент қаласындағы «Жауынгерлік даңқ музейі» талай жылдың құпия сырын бауырына бұққан өңіріміздің өткенінен хабар беретін, алдыңғы толқын ағалардың Отан қорғаудағы жанқиярлық өшпес ерліктері арқылы еліміздің болашақ жастарын отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеп, ел тарихын дәріптеуде. Сондай-ақ, мұражай көрмесіне «Тәуелсіздік шежіресі», «Қазақ хандығының құрылуы», «Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында», «Жетісулық батыр бабалар» туралы стендтер мен экспонаттар ілінген. Одан басқа, тәуелсіздік үшін күрескен Желтоқсан құрбандары Ербол Сыпатаев пен Ләззат Асанованың жеке заттары қойылған.

Саяхат барысында экскурсия жетекшілері балаларға алдымен музей ішінде орналасқан экспонаттарды көрсетті, әрі қарай әр жәдігерге тереңірек тоқталып, оның тарихынан жан-жақты мәлімет берді. Ата-бабадан қалған рухани құндылықтарға тағы бір мәрте көз жеткізген балалар басқа да жәдігерлермен таныса отырып, көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, тұжырымды жауап алды.

– Біз тарихи мұражайда болып, терең таныстық. Жастарды отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеп, оның тарихи құндылықтарын ұғындыру біздің басты міндетіміз болып қала береді, – деп атап өтті бөлімнің әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметінің өкілі Ұлбосын Тұрғанбаева.

Абзал САРТАЕВ

Панфилов ауданы

Алматы облысы