ӘСКЕРИ САЛАНЫҢ МЫҚТЫЛАРЫ ОҚУШЫЛАРДЫ ОТАНСҮЙГІШТІККЕ ШАҚЫРДЫ

Уақыты: 28.11.2021
Оқылды: 1302
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жаркент гарнизонындағы барлаушылар полкының әскери қызметшілердің отбасымен жұмысты ұйымдастыру қызметі Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектептің 10-сынып оқушыларымен «Ерлік - елге мұра, ұрпаққа ұран» атты сабақ өткізді.

Тәрбие сабағына Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлер төрағасы, запастағы майор Алтай Күдеров, Ливан Республикасына бітімгершілік миссиясына барған аға сержант Рауан Отарбаев және әскери бөлімнің біршама әскери қызметшілері қатысты.

Шараның мақсаты - Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында атап өткеніндей, жалпы адамзатқа ортақ қастерлі құндылықтарды жастардың бойына сіңіру. Сабақ барысында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Қарулы Күштердің жетістіктері туралы көрсетілім ұйымдастырылды. Оқушылар көрсетілімді тамашалап, көкейінде жүрген сұрақтарын қойды. Сондай-ақ, жиынға қатысқан қонақтар өз сөзінде Отан әр азамат үшін маңызды екенін жеткізді. Оқушыларды рухтандыратын сөздерді айтып, бабалардың ерліктері өскелең ұрпаққа мәңгі үлгі болып қала беретінін әңгімеледі.

- Жас ұрпақты тәрбиелеу - біздің парызымыз. Биыл тәуелсіздігімізге отыз жыл толады. Енді осы тәуелсіздігімізді тұғырлы етіп, сақтап қалу болашақ жастар қолында екенін ұмытпаған жөн, - деп түсіндірді жиынға қатысқан ардагер Алтай Күдеров.

Шара соңында мектептің сынып жетекшілері мен оқушылар әскери қызметшілерге ризашылығын білдіріп, ел қорғаудағы істеріне сәттілік тіледі.

Абзал САРТАЕВ

Панфилов ауданы

Алматы облысы