АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ЖАС КӨШБАСШЫЛАРЫНА 250 МЫҢ ТЕҢГЕДЕН БЕРІЛДІ

Уақыты: 29.11.2021
Оқылды: 1122
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Сен маған жастарыңды көрсет, еліңнің болашағын айтып берейін», – деп әл-Фараби бабамыз айтпақшы, жалынын көкке өрлеткен жас буын – егемен еліміздің ертеңі екені сөзсіз. Жастарға жан-жақты қолдау көрсетіп, жігер, шабыт беру мақсатында жыл сайын «Көшбасшы» жастар сыйлығы табысталып келеді. Осы орайда Б.Римова атындағы облыстық драма театрында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай облыс әкімінің «Көшбасшы – 2021» жастар сыйлығын тапсыру салтанаты өтті. Жастарға арналған жалынды шараны ХХХ Халықаралық «Славян базары» фестивалінің Гран-при иегері, еліміздің мақтанышы Рухия Байдүкенова «Көшбасшы» әнімен ашты.

Биыл «Көшбасшы» жастар сыйлығының табысталып келе жатқанына – 19 жыл. Шараның жылдан жылға маңызы артып келеді. Бұл жолы 20 аталым бойынша өз саласында үздік атанып, көш бастаған жастар анықталып, облыс әкімінің арнайы сыйлығына лайық деп танылды. Оларды облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов құттықтады.

- Ел тарихындағы айтулы күн – Тұңғыш Президент күні қарсаңында бүгін Жетісу жерінің жалынды, белсенді жастарын, жас көшбасшыларын шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға белгілі, былтыр Еріктілер жылы аталып өтті. Біздің облысымыздың еріктілері пандемия кезінде белсенді жұмыс атқарды. Өңірде «Мейірімді Жетісу» еріктілер фронт-кеңсесініңжұмысы қарқынды жүргізілуде. Өткен жылы облыста 1043 ерікті болса, бүгінде олардың саны сегіз есеге өсіп, 8300-ге жетті. Осы жас еріктілердің қатысуымен облыста 5000 қайырымдылық акциясы мен іс-шара өткізілді. 3800 жағдайы төмен, аз қамтылған және көпбалалы отбасы мен жалғызбасты аналарға, жалпы 38000 отбасына әлеуметтік көмек көрсетіліп, 92 отбасы тұрғын үйге ие болды, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Салтанатты шара барысында Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі  Болат Тілепов сөз алып, дарынды, талантты жастары бар елдің келешегі кемел екенін, жастарын қолдаған елдің болашағы жарқын болатынын,мемлекет тарапынан мұндай істер жүйелі түрде жалғасатынын атап өтіп, жыл сайын өзге облысқа үлгі боларлық осындай үлкен шара өткізіп келе жатқан  облыс басшылығына алғысын жеткізді.

Облысымыздың үздік көшбасшылары салтанатты түрде марапатталып, оларға «Көшбасшы» сыйлығы, диплом және 250 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. Жүлдегерлерді атап өтер болсақ, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Мержан Төлегенов «Үздік жас мемлекеттік қызметші» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. «Үздік жас ұстаз» номинациясы Кербұлақ ауданы, Шилісу негізгі мектебінің география пәнінің мұғаліміКәрімжан Әлішерге бұйырды. «Үздік жас ғалым» аталымын академиялық мобильдік бағдарламасы бойынша Будапешт қаласындағы "Корвинус" университінде білім алған, Стамбул қаласындағы "Фатих" университетінде ғылыми тәжірибеден өткен заң ғылымдарының магистрі Ахмет Ғалымжан иеленді.

«Көксу жастары» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ақжан Мұсахметов «Жастар үкіметтік емес ұйымының үздік көшбасшысы» аталымының жеңімпазы болды. Биылғы жылдың «Үздік студенті» болып Талдықорған қаласы агротехникалық колледжінің білімгері Дария Ілияс танылды. Сондай-ақ, «Үздік жас әскери қызметші» аталымымен 40398 әскери бөлімі командирінің орынбасары, аға лейтенант Мурод Махаметов, «Үздік жас спортшы» номинациясымен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ильфат Абдуллин, «Үздік жас батыр» аталымы бойынша Текелі қалалық полиция бөлімі, жол-патрульдік полиция тобының лейтенанты Бауыржан Қабидолланов, «Жасыл ел» жасағының үздік сарбазы»  номинациясымен  Мадина Шақабаева марапатталды.

Ал әріптесіміз, облыстық «Жетісу» газетінің аға тілшісі Асыл Сұлтанғазы «Үздік жас әдебиетші» аталымы бойынша жеңімпаз болды. «Жетісу» телеарнасының тілшісі Кәмшат Мұхамеджан «Үздік жас журналист» номинацияның иегері атанды. Өз кезегінде Кәмшат жеңімпаздар атынан сөз алып, жеткен жетістігі үшін өзін баптаған телеарна ұжымына, шара ұйымдастырушыларына алғысын жеткізді.

Салтанатты шара ары қарай жастарға арналған ән-шашумен жалғасын тапты.

Алма ЕСЕНБАЙ

Алматы облысы