ЖЕТІСУЛЫҚ СЕНАТ ДЕПУТАТЫ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Уақыты: 01.12.2021
Оқылды: 1057
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел егемендігін алған жылдан бері атқарған қыруар жұмысын айтып әсте тауыса алмаспыз. Ерен ерлігін, батыл шешімдерін келер ұрпақ көкірегін қуаныш кернеп еске алатыны айқын. Әсіресе, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы үміттен күдік, қуаныштан қорқынышы басым елді аяқтан тұрғызу үшін тынымсыз атқарған қызметі халықтың жадында мәңгі сақталады.

Бір ғана Астананы Алматыдан көшіру туралы шешімі көпшілікті таңдандырды. Ақмола қаласында бүгінгідей әсем шаһар салынатынына сенбегендер де болды. Алғаш барған журналистердің баскиімін жел ұшырып әкеткен бейнежазбаны көріп сескенген сәттер де аз емес. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сондай қиындықтардың барлығын еңсеріп, еңселі қала салдырды.

Бұл мәселеге Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» еңбегінде кеңінен тоқталған. Онда: «Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі астананы ауыстыру туралы шешімді 1994 жылдың 6 шілдесінде қабылдаған болатын. Осыдан кейін дайындық жұмыстары жүргізіле бастады. Құрылыс қарқынын арттыру әрі инфрақұрылымын дамыту мақсатында 1997 жылы Ақмола қаласында (қазіргі Астана) Ақмола арнайы экономикалық аймағы құрылды. Ол белгілі бір деңгейде жаңа елорданың дамуына өз септігін тигізді», – делінген.

ҚР Президентінің астананы көшіру туралы Жарлығы жарыққа шыққаннан кейін мемлекеттік органдарды Алматыдан Ақмолаға қоныстандыру жұмыстары басталды. 1998 жылдың 6 мамырында Қазақстан Республикасы Президентінің Қаулысы бойынша Ақмола атауы Астана болып өзгерді.

Аталған еңбекте Елорда туралы құнды деректер жазылған. Мысалы, «1999 жылы ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша Астана қаласына «Бейбітшілік қаласы» жоғары атағы беріліп, медальмен марапатталды. Бұл атақ қысқа мерзім ішінде әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени дамуда неғұрлым әсерлі әрі қуатты өсуге, тұрақты этникааралық қатынасты орнықтыруға қол жеткізе алған ғаламшардың жас қалаларына беріледі. Бразилияда өткізілген бұл конкурста Астана барлық өлшемдер бойынша әлемнің әр түрлі елдерінің он екі қаласын басып озды. 1998 жылы Астана еркін экономикалық аймақтың WEPSA халықаралық қауымдастығына кірді. Әлемнің 15 қаласы Қазақстан елордасының бауырлас қалалары болып табылады, олардың арасында Мәскеу, Берлин, Варшава, Минск, Киев, Анкара, Бангкок және басқалары бар. Бүгінде Астана түрлі халықаралық деңгейдегі шараларды өткізетін орталыққа айналып үлгерді», – делінеді.

Сондай шаралардың қатарынан ЕҚЫҰ саммиті, 7-ші қысқы Азиада ойындары, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, EXPO-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмені ерекше атап өтуге негіз бар. Осылардың барлығы еліміздің абыройын әлемге әйгілеп, дәрежемізді көтерді. Астананы келіп көруге құмартып, ғаламның түкпір-түкпірінен адамдар ағылды. Сондықтан келбеті келіскен қалада тұрып жатқан әрбір адам бақытты деп ойлаймын.

Елбасының бастамасымен бой көтерген қаланың тарихында тағы бір өзгеріс орын алды. 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласының атын «Нұр-Сұлтан» деп өзгерту туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл жаңалықты тек біз емес, алыс-жақын елдер де қуанышпен қарсы алып, ақжарма тілектерін жолдады.

Қазақстанның мақтанышы, тәуелсіздіктің жемісі Нұр-Сұлтан қаласының бағындырар белесі әлі алда. Күн сайын түрленіп, көріктеніп жатқан Елорданың әрбір жетістігі ел дамуына соны серпін береді. Мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бір ғана ерен еңбегін сөз еттім. Басқа бастамаларын күнді күнге, түнді түнге жалғап айтсақ да тауыса алмаспыз.

Сөз соңында айтарым – бейбітшілік пен келісім кезеңінде ғұмыр кешіп жүрген бізден бақытты ел жоқ. Соған орай барлық замандастарымды Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Тұңғыш Президент күнімен құттықтаймын! Алдағы кезеңде бұдан да биік белестерді бағындыра берейік. Ел іргесі тыныш, жұртымыз аман болсын.

Нұрлан ҚЫЛЫШБАЕВ,

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты