NIS-ТІҢ ӘНҰРАНЫ ҚАЛАЙ ӨМІРГЕ КЕЛДІ? СӨЗІ МЕН ӘНІН ЖАЗҒАН КІМДЕР?

Уақыты: 01.12.2021
Оқылды: 1423
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Осыдан он бір жыл бұрын Талдықорған қаласында Назарбаев зияткерлік мектебі ашылып, біздің де балаларымыз сондай заманауи мектепте оқыса деген арман көптің көңілінде болғаны рас. Осы үмітпен екі ұлымды арнайы тапсыратын емтиханға алып келдім. Бақ жұлдыздары жанып, екеуі де сол мектепке қабылданды.

Өнердегі досым Жұматай Оспанұлының да баласы сынақтан сүрінбей өтті. Ол кезде марқұм Гүлайым Қабидолдақызы мектептің директоры болатын. Арада жарты жылдай уақыт өткенде мектептің кең әрі еңселі мәжіліс залында ата-аналар мен оқушылар бас қосқан жиын өтті. Директор ханым шараның мақсатын, мектептің ерекшелігін, басқа да мәселелерді айтып, ендігі кезекте оқушылары дайындаған концерттің болатынын хабарлады. Зал тола оқушылар мен ата-аналар балаларының өнеріне ризалығын білдіріп, қошемет көрсетіп отырды. Кең көлемде өткен алғашқы шара бәріне ерекше әсер еткені анық.

Концерт аяқталғаннан кейін Гүлайым Қабидолдақызы сахнаға көтеріліп, ата-аналарға ұсынысын айтты. «Біз бұл концертті тек балалардың өнерін тамашалау үшін ғана жасап отырған жоқпыз. Егер қосар ойларыңыз, айтар ұсыныстарыңыз болса, қысылмай ортаға шығыңыздар. Бізге сіздердің әрбір пікірлеріңіз бағалы», – деді. Бірнеше жылдан бері шығармашылық бірлестікте біраз ән шығарып, байқауларға қатысып, жүлделі орын алып жүрген досым Жұматайға қарап: «Жүр екеуміз ойымызды айтайық», – дедім. Концерт арасында көңіліміз толмаған жерін өзіміз де сөз қылып отырғанбыз. «Іздегенге сұраған» дегендей, мектеп директоры микрофон ұсынып тұрған сәтте неге тартынып қаламыз», – деп сахнаға көтерілдік.

Алдымен құттықтап, ізгі тілегімізді білдіргеннен кейін ойымызды ашық айттық: «Гүлайым Қабидолдақызы, бүгін бізге осындай әдемі мектепте әсерлі кеш сыйлағаныңызға рахмет. Атына заты сай замануи мектепке айналып, әлемге елімізді танытатын алғыр да білімді шәкірттеріңіз көп болсын. Ендігі айтатыным, концерт жақсы өтті. Бірақ орыс тіліне басымдық берілді. Әндердің, билердің көбі орыс тілінде айтылып, өзге ырғақта қойылып жатты. Қанша дегенмен қазақ балалары көп екен. Сондықтан алдағы уақытта қазақша әндер қосылып, басым бөлігінің қазақша өтуіне мән берілсе. Екіншіден, бұл елімізде ашылып жатқан бағыты бөлек жаңа ғасырдың жаңаша бағыттағы мектебі. Сіз дұрыс деп шешсеңіз, міне, қасымда Жұматай деген ақын досым тұр. Екеуміз Назарбаев зияткерлік мектебінің Гимнін жазып берейік», – дедім.

Ата-аналар мен оқушылар қолдап, қол соғып жіберді. Бірақ Гүлайым әпкеміз аса сенбегендей қабылдап, «жазып келіңіздер, көрейік» деді. Шыға сала Жұматай екеуміз уәдемізде тұрайық деп кірісіп кеттік.

Бір аптада ән дайын болды. Оны өзіміз айтып апарғаннан көрі оқушылардың өзі айтқанын жөн көріп, әнге қабілетті балаларды таңдап алдық та дауыстарын жаздық. Содан марқұм Бейсен Құранбек бауырымызға барып, шұғыл арада клип түсіруге көмектесуін сұрадым. Қашан да жаңашылдықты жақсы көретін Бейсекең бірден қолдап, бір-ақ күннің ішінде режиссері мен операторын жіберіп, бейнебаянды түсіріп берді. Сол уақытта Жұматайдың қолы босамай қалды да, алып-ұшып мектепке әнді әкеліп, директорға тыңдаттым. Бізге сенімсіздік білдірген Гүлайым Қабидолдақызы әнді тыңдап болған соң сондай ризашылығын білдіріп: «Мен бүгін астанаға ұшып бара жатырмын. Ертең Күләш Нағатайқызымен Америкаға бара жатырмын. Жолда сол кісіге де тыңдата келемін», – деп шығарып салды. Күләш Шамшидинова астанада «Назарбаев зияткерлік мектептері бірлестігінің» төрайымы болатын. Сапардан келген Гүлайым әпкеміздің қуанышында шек жоқ: «Сіздерді құттықтаймын! Күләш Нағатайқызы да ризашылығын білдіріп, бұл ән Қазақстандағы барлық зияткерлік мектептердің әнұраны болатынын айтты», – деп қуанышымен бөлісті.

Содан бері де аттай тулап он жыл өтті. «Елбасы мектебі» әні зияткерлік мектептердің әнұранына айналды. Талдықорғандағы мектеп ұжымы Елордаға арнайы концерттік бағдарламамен барғанда Елбасы өзі қатысып, әнді тыңдап, балаларға батасын берді.

Міне, Назарбаев зияткерлік мектептерінің әнұранына айналған бір әннің тарихы осындай.

Данияр ҚҰРАМЫСОВ,

Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның директоры,

ҚР Мәдениет қайраткері