ТАЛҒАРДА ТҰРҒЫН ҮЙ ӨРТЕНІП, БІРНЕШЕ ОТБАСЫ БАСПАНАСЫЗ ҚАЛДЫ

Уақыты: 02.12.2021
Оқылды: 911
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талғар ауданындағы Төңкеріс ауылында 8 пәтерлі тұрғын үй өртенді. Тұрғындар дер кезінде үйден шығып үлгерген, өрттен ешкім зардап шеккен жоқ.

«Өрт кешкі сағат 18:15 шамасында тұтанды. 8 пәтерлі барак типті үй өртенді. 8 пәтердің 6-уын өрт шалды, оның ішінде екеуінің шатыры жанған. Абырой болғанда, тұрғындар дер кезінде үйден шығып үлгерді. Оқиға орнына түнде Талғар ауданының әкімі Қайдар Әбдіханов жетті. Белгілі болғандай, барак типті үйде барлығы 34 адам тұрады. Оның 16-сы бала. Өртенген 6 пәтерде барлығы 30 адам тұрған, оның 15-і бала», - делінген Талғар ауданы әкімдігінің хабарламасында.

Әкімдік ақпаратына сәйкес, үйдің аумағы 288 шаршы метр. Үй 1952 жылы қамыстан салынған. Үйі өртенген отбасыларға мемлекет есебінен көмек беру мәселесі қаралады. Қазіргі кезде тұрғындар туыстарын паналаған. Өтініш білдірген жағдайда уақытша пәтерге орналастыру жағы реттеледі. Қазіргі кезде өрттің себебі анықталып жатыр.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"